Маңғыстау облысында басталған «Қыс – 2021» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуына қатысқан өңір басшысы Нұрлан Ноғаев азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін басқару органдары мен күштерінің қысқы кезеңдегі төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі іс-қимылдарға әзірлігімен танысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқу-жаттығуларды сапалы өткізу мақсатында төтенше жағдайларды жоюға бағытталған шаралар ұйымдастырылып, азаматтық қорғау қызметінің күштері және шұғыл әрекет ету жасақтары сап түзеді.
Облыс бойынша шұғыл әрекет ету жасағы жеке құрамының жалпы саны 867 адам мен 318 бірлік техниканы құрайды. Жанар - жағармай материалдары, азық-түлік, дәрі-дәрмек, электр генераторлары, құм-қиыршық тас қоспасы, 370 тонна тұз, 1300 м3 құм қоры қамтамасыз етілді . Сумен, жылумен, энергиямен, газбен жабдықтауды үздіксіз беру ұйымдастырылды, техника мен инертті материалдардың картасы әзірленді, тәулік бойы кезекшілік ету үшін арнайы орындар құрылды.
Облыстың қала, аудандарында 7 шұғыл әрекет ету жасағы, жеке құрамның 730 адам күші мен 265 бірлік техникасы бар.
Облыстың азаматтық қорғау қызметі құралымдарының саны 114 бірлікті құрайды, ол жеке құрамнан 9 037 адам және 1 155 бірлік техникадан тұрады.
Сонымен қатар, ҚР ТЖМ 2020 жылғы 24 қазандағы № 10 «2020-2021 жылдардағы қысқы кезеңдегі ТЖ-ға АҚМЖ дайындау туралы» бұйрығына сәйкес Маңғыстау облысында 1 626 адам және 271 бірлік техника көлемінде күштер пен құралдар тобы құрылды.
Бұдан басқа, республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарда уақытша 20 жылыту пункті дайындалған. Оның 13- і Республикалық маңызы бар автожолдарда, 7-уі облыстық маңызы бар автожолдарда орналасқан. Облыстық маңызы бар жолдарды күтіп ұстау үшін 69 бірлік техника, 125 тонна тұз, 850 тонна инертті құм материалдары дайындалды. Республикалық маңыздағы автожолдарды қысқы кезеңде күтіп ұстау үшін 24 бірлік арнайы техника, 101 тонна тұз, 560 тонна құм және 92 бірлік жол белгілері қойылған.
Тексеру қорытындысы бойынша Нұрлан Ноғаев жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырмалар берді.