«Таза Қазақстан» акциясы аясында Маңғыстауда ұйымдастырылған «Таза Маңғыстау - ғажайып өлке» науқанының алғашқы «Таза Маңғыстау - таза қалалар мен ауылдар» кезеңі өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Шара Ақтау қаласы бойынша 8 орында ұйымдастырылды. 570 адам қатысып, 12 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 25 тонна қалдық шығарылды. Теңіз жағасынан 10 газельде қураған қамыс қалдықтары мен шөптер шығарылды. Маңғыстау облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Әсел Балманованың мәліметінше, науқанға облыс бойынша облыстық басқармалар, мемлекеттік мекемелер, кәсіпорындар, қоғамдық ұйымдар, үкіметтік емес ұйымдар, студенттер, облыстық маслихат депутаттары қатысты.
- Науқанның бірінші кезеңі - «Таза Маңғыстау - таза қалалар мен ауылдар» 6 сәуірден бастап 13 сәуір аралығында жалғасын тапты. Акция барысында қалаішілік, ауданішілік шағын аудандардағы бордюрлерді ақтау, қалалар мен аудандар көшелері, тұрғын үй аулалары, автомобиль жолдары бойындағы қоқыстардан тазарту, абаттандыру жұмыстары атқарылады. Келесі кезең «Киелі мекен» деп аталады. Тарихи орындарда санитар тазалау жұмыстары жүргізіледі. Барша тұрғындарды белсене қатысуға шақырамыз, - деді Әсел Балманова.
Сондай-ақ, қоғам белсенділері, Халық партиясы мүшелері, экобелсенділер сонымен қатар департамент қызметкерлері де қала тазалығына өз үлестерін қосты.
- Түбегімізде өтіп жатқан науқанға байланысты «Қазақстан Халық партиясы» қоғамдық бірлестігінің Маңғыстау облыстық филиалынан 40-тан астам адам туған жерімізді ластанудан сақтау мақсатында сенбілікке өз үлесімізді қосып, тазалалық жүргізудеміз, - деді «Қазақстан Халық партиясы» қоғамдық бірлестігінің Маңғыстау облыстық филиалы төрағасы Нияз Әбдірашит.
Еске салайық, «Таза Маңғыстау - ғажайып өлке» экологиялық науқаны түрлі бағытта 11 мамырға дейін жалғасады.