Еліміздің оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев өңірге сапары кезінде Ақтаудағы 34 шағын аудандағы №19 мектепте орналасқан эвакуациялық пункт пен "Достық" үйіндегі гуманитарлық көмекті үйлестіру штабының жұмысымен танысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Аталғаy білім ошағында Құлсары қаласына келген 45 адам орналасқан. Олардың дені зейнеткерлер мен мектеп жасындағы балалар.
Кездесуде зейнеткер ұстаз Сәуле Ермағанбетова жасаған көмек үшін жергілікті тұрғындарға алғысын жеткізді. Сондай-ақ, үйі су астында қалған құлсарылықтарға тиісті өтемақыны төлеуді барлық жағдайға назар аударуды ұсынды.
"Күтпеген жерден табиғаттың тосын мінез танытуынан үдере көштік. Қазір жағдайды қалыпқа келтіру үшін жұмыстарды атқарып жатыр. Балам мен келінім Құлсарыда қалды. Біз жолдасым екеуіміз 4 немеремізді алып Ақтауға келдік. Бізге барынша қолдау көрсетіп жатыр. Шын ықыласпен алғымызды білдіреміз", - деді Сәуле Ермағанбетова.
Сондай-ақ, оқу-ағарту министрі Ақтаудағы "Достық" үйінде болып, Қазақстан халқы ассамблеясы ұйымдастырған гуманитарлық көмек көрсету жұмысымен танысты.
"Осындай төтенше жағдай кезінде жұмылған жұдырықтай болып қыруар іс атқарып жатқан еріктілерге алғыс айтқым келеді. Тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға асқан қамқорлық көрсетудің ерекше үлгісін байқадым. Бұл жерде әрқайсысыңыздың атқаратын жұмыстарыңызға баға жетпейді. Алдағы істеріңізге табыс тілеймін", - деді Ғ.Бейсембаев
"Достық" үйінде Қазақстан халқы ассамблеясының облыстық филиалы жанындағы ақсақалдар кеңесі, жастар кеңесі ерікті ретінде жұмылып, қажетті гуманитарлық көмекті Ақтаудағы эвакуациялық пунктерге жеткізіп отырғандарын жеткізді.
Бұдан ары қарай министрдің жұмыс сапары Ақшұқыр ауылындағы эвакуациялық орталықтарында жалғасады.