10 мамырда Маңғыстау ауданында қазақ әйелдерінің табиғи болмысын насихаттауға бағытталған «Ана –даналық пен тазалықтың бастауы» атты облыстық аналар форумы өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Форумды Маңғыстау облысы әкімі жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясы «Аналар күні» аясында бала тәрбиесіндегі, сондай-ақ қазіргі таңда қоғамдағы әйел-ананың орны мен оның мәртебесін көтеру мақсатында ұйымдастырған.
Форум – әйелдердің қоғамдағы орнын айшықтауға, отбасылық-демографиялық саясатты дамытуға, экономика мен саяси өмірдегі белсенділігін арттыруға бағытталған. Форумға облыстың барлық аудан, қалаларынан 60-қа жуық ана қатысты.
Қатысушылар алдымен С.Қондыбай музейін аралап, ғалымның еңбектерімен, өмір жолымен танысты. Содан соң Маңғыстау ауданы әкімінің орынбасары М.Сейілов форум қонақтарын мерекемен құттықтады.
Қоғамның әр саласында жетістікке жетіп жүрген аналар өз тәжірибесімен бөліссе, арнайы мамандар әр тақырыпта баяндама жасады. Бүгінгі күннің өзекті мәселесі – тұрмыстық зорлық-зомбылық, ерте жүктілік пен ажырасу, жасөспірімдер арасындағы суицид, нашақорлық, ананың балаға берер тәрбиесі, ене мен келіннің арасындағы қарым-қатынас, сондай-ақ құқықтық сауаттылық, қабылданған жаңа заң, сыбайлас жемқорлық мәселелері көтеріліп, пікір алмасты.
Спикерлер Г.Бақытжанова "Азаматтық қоғам: дана ана, саналы бала", Р.Озғанбаева- "Отбасасы психологиясы: әйел мен ердің қарым-қатынас мәдениеті", М.Жарылғас "Ерекше бала тәрбиесіндегі ананың рөлі", Ғ.Махимова " Ерте жүктілік және оның әйел ағзасына әсері", Т.Базарбаева " Отбасының беріктігі- ене мен келін өнегесі", Т.Абдуллаева TEDX форматтағы "Отбасы мен кәсіпкерлікті қатар алып жүрген ауыл әйелінің бейнесі"
тақырыптарында баяндама жасады.
Бұдан әрі форумның қатысушылары Көгез этноауылы мен "Самал" демалыс орнына барып, ауданның шебер қол аналары дайындаған көрмемен, өрмек тоқудың қыр-сырынан көрсетілген шеберлік сағаттарына қатысты.
Форум аясында облыстағы белді онколог, гинеколог, педиатр дәрігерлері ауданның 40-қа жуық тұрғынын қабылдап, медициналық көмек көрсетсе, форумға қатысушылар экоакцияға қатысып, жас шыбықтар отырғызды.
Ізгілік пен ізгі ниеттің, тәрбие мен танымның, сенім мен жігердің тоғысқан шарасы болған форум қатысушылардың көңілінен шығып, ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.
Айта кетейік биыл елімізде аналар күні алғаш рет аталып өтеді. Ал АҚШ, Канада, Германия, Италия, Бельгия, Дания, Финляндия, Эстония, Түркия, Жапония, Бразилия және Австралияны қоса алғанда 20-дан астам елде мамыр айының екінші жексенбісінде аналар күні тойланады.