Ақтауда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында теңіз жағасында көктемгі сенбілік ұйымдастырылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сенбілікке 250-ге жуық мемлекеттік және жеке сектор мекемелерінің мамандары мен коммуналдық сала қызметкерлері қатысты. Экологиялық іс-шараға 5 техника жұмылдырылды. Сенбілікке қатысушылар теңіз жағалауын қураған қамыс пен қоқыстан тазалады.
-«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында қала бойынша санитарлық тазалық және абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Теңіз жағасында ұйымдастырылған сенбілік аясында 35 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Тазалық жұмыстары 14 шағын аудан «Астана» сауда орталығынан бастап 9А шағын аудан «I love Aktau» композициясына дейін жүргізілді. Қала әкімдігі тарапынан сенбілікке қатысушылар тазалық жұмыстарына қажетті заттармен қамтылды, - деді Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Айдар Бисенов.