Ақтауда жеделсатымен жоғарғы қабатқа шықпақ болған адамдар жертөледегі шахтаға құлап кетті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Лифт ішінде қалған тұрғындар есікті әрең бұзып шыққан. Бұл үйде тұратын азаматтардың айтуынша, лифт бұған дейін бірнеше рет тоқтап қалған. Ал осындай апаттық жағдайға жеткізген құрылыс компаниясының салғырттығы дейді тұрғындар.
Мен бұл жеделсатыда екі рет тұрып қалдым. Лифттің іші қатты шу болып тұрады, - «Ақтау Плаза» ТҮК тұрғыны Нұрия Сынгереева.
Мен көрген жоқпын. Бірақ, адамдар құлап қалды деп жатыр. Өзім 9-қабатта тұрамын. Лифт дұрыс жасамайды. Корей елінің лифтін орнату керек еді, бірақ түркиялық лифтіні орнатқан. Мың киллограмдық деді, бірақ та ол дірілдеп әрең жүреді, - дейді «Ақтау Плаза» ТҮК Бақыт Созақбаева.
Тұрғындар құрылыс компаниясы үйді қолдануға былтыр берді деп отыр. Ал компания құрылтайшысы тұрғындарға пәтер кілтін тек жөндеу жұмысын жасау үшін тапсырдық дейді. Сонымен қоса, жеделсатыдағы апаттық жағдайда тұрғындарды кінәлайды.
Лифт нормасынан асқан салмақты көтермей, жертөледегі шахтаға түскен. Шахтаға барғаннан кейін қайта жүктеледі. Жүктеліп жатқан кезде адамдар есікті сындырып, бұзып шығып кеткен. 500 келі салмақты ғана көтеретін лифтіге 10 адам мінген кезде техника оны көтермейтіні белгілі еді, - дейді «А3 GROUP LTD» құрылыс компаниясының құрылтайшысы Алмас Құрманғазиев.
Ал тұрғын үйге жеделсаты орнатқан «Ақтау лифтілер» компаниясы лифтінің жертөлеге құлап түсуіне байланысты бірнеше заңсыздықты айтты. Олар құрылыс компаниясы лифтіні тұрғындардың қолдануы үшін әкімдікке арыз жазуы тиіс дейді. Одан соң әкімдік тексеріп, техникалық қызмет көрсететін компанияға тапсыруы тиіс болған.
Лифтіні тоқтатып тастадық. «Халық шулап жатыр, жоғарғы қабаттарда үлкен адамдар бар, мініп-түсе алмайды» дейді. Біз сосын көз жұмып, заңға қайшы лифтіні қосып береміз. Біздің кінәміз сол, - дейді «Ақтау лифтілер» ЖШС құрылтайшысы Көпберген Жайлиев.
Жаңа үйге қоныстанғандар 11 қабаттық тұрғын үй құрылысында жеделсатыдан бөлек бірнеше олқылық бар екенін айтады. Ал әкімдіктің мәліметінше, қалада 965 жеделсаты бар, оның 217-сі уәкілетті органда тіркеуде жоқ.
Махаббат Нұржанқызы