Ақтауда Н.Марабаев атындағы № 7 мектеп лицейінде 7-сыныпты аяқтаған Рубен Макаров мектеп ауласындағы темір қоршаудың үстіне шығып ойнаған. Бақилық болған Рубеннің көршілерінің айтуынша, оқушы мектеп ауласында секіріп ойнап жүргенде жарық бағанасын қолымен ұстап қалған. Бағанадағы тоқ оқушының денесіне ұрып, басымен жерге құлаған дейді. Ал оқиға орнына жеткен жедел жәрдем дәрігерлері Рубеннің өмірін сақтап қала алмады. Туыстары сұхбат беруден бас тартты, алайда бұл электр қызметіне жауапты мамандардың қателігі екенін айтады.
Өте тәрбиелі, ақ мінезді оқушымыз еді. Мектеп шарбағында ойнаған шығар. Қақпамыз ашық тұр. Бірақ, бала балалығын жасап қоршаудан секіргенде осындай оқиғаға ұшыраған. Электр жарықтарын қадағалайтын органдар тексеріс жұмыстарын өткізсе екен деймін, - дейді Н.Марабаев атындағы № 7 мектеп-лицейінің директоры Гүлден Иманғалиева.
Ал Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Серік Гусман бұл жағдайда екі түрлі нұсқа болуы мүмкін дейді. Біріншісі – бала мектеп шарбағынан секіргенде басымен құлаған, екіншісі – тоқ ұрған. Ал дәл оқиға болған аудандағы жарық бағаналарына «Ақтау Сервис Құрылыс» компаниясы 9 күн бұрын қызмет көрсететуді бастаған. Әкімдік қазіргі уақытта оқиға орнында «Ақтау электр желілері» басқармасы жұмыс істеп жатқанын айтып отыр.
Қызметтік тексеріс басталды. Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімі жағдайды түгел анықтайды. Егер бұл мәселеге қызметкерлердің қатысы болса, сапасыз жұмыс болса заңға сәйкес шаралар қолданылады, - деді Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Серік Гусман.
Сонымен қоса әкімдік білім басқармасына мектептердегі бүкіл электр тоғын тексеруге тапсырма беріпті. Мамандар медициналық сараптама қорытындысын дайындаған соң өлімнің себебі белгілі болмақ.
Махаббат Нұржанқызы