Маңғыстау туризм колледжінің студенттері қаңтар айында шәкіртақы кешіккеніне шағымданды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Әлеуметтік желіде колледж студенттері әр айда шәкіртақы кеш берілетінін айтып, наразылығын білдірді.
Бүгін қаңтардың 25-і. Әр айда әлеуметтік көмек, зейнетақы берілетін кезде неге шәкіртақы да берілмейді? Неге үнемі бір ай кеш беріледі?, - деп жазады әлеуметтік желі қолданушысы.
Ал білім басқармасында мемлекеттік тапсырыс бойынша келісім-шарт жасау аяқталмағандықтан шәкіртақының берілмей жатқанын айтады.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2022 жылғы 14 қаңтардағы № 12 "Мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы мемлекеттік білім беру тапсырысының көрсетілген қызметтерінің шарттарын жасасу қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына сәйкес, мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорындарымен мемлекеттік тапсырыс бойынша келісім-шарт жасасу жүргізіліп жатыр. Келісім-шарт толықтай аяқталған жағдайда, ақпан айынан бастап шәкіртақы төленетінін хабарлаймын, - деді Маңғыстау облысы білім басқармасының бюджетті жоспарлау және стратегиялық дамыту бөлімінің басшысы Күмісай Сәрсенова.