Ақтауда бір топ жедел жәрдем жүргізушісі жалақысының аздығын айтып наразылық білдірді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жалақы 8 жылдан бері бір тиынға да көбеймеді деп ашуланған азаматтар денсаулық сақтау министрлігі бұл талапқа құлақ асса екен дейді.
Мардымсыз айлыққа наразы Маңғыстау облысының жедел жәрдем жүргізушілері айлықты көтерсін деген талап қойды. «Еңбекақы бір тиын да көбеймейді, ал азық-түлік пен киім-кешектің бағасы шарықтап барады» деп налиды олар. Науқастарды таситын көлікті тізгіндегенмен, медицина қызметкері санатына қосылмағандарына да ренжулі.
Медицина қызметкері деген санатқа сіздер жатпайсыздар дейді. 2014 жылдан бері айлық көтерілген жоқ. Әр жылы осы мәселе бойынша жылдың басында жиналамыз, олар уәде береді. Осы жылда да берді ғой уәдені, бірақ құжат жүзінде әлі ештеңе шешілмеген, - жедел жәрдем жүргізушісі Ержан Меңдалиев.
Арыз жазып жатырмыз, жалақының төмен екенін, қымбатшылықты айтып жатырмыз, бәрін айтып жатырмыз. Бірақ, талап орындалмай тұр. Санитардың, фельдшердің, дәрігердің жалақысы көтерілді, жүргізушілер көтерілмей қалып қойды, - дейді жедел жәрдем жүргізушісі Мұрат Белбаев
Жүргізушілердің басшылыққа өкпесі қара қазандай. Айтуларынша, көлік бұзылып қалғанда басшылардан «барлығы порталмен жасалады» деген жауап алады екен. Одан бөлек, «ешқандай жұмыс істемейтін кәсіподақты да алып тастасын» деген талап қойды. Ал облыстық жедел жәрдем станциясының директоры жүргізушілердің жалақысын 2020 жылдан бері өз қаражатымыздан көбейтіп келе жатырмыз дейді.
Республика бойынша басқа өңірлерде жүргізушілер 78 мың теңге жалақы алады. Ал біздер мекеменің атынан жүргізушілердің айлық жалақысына 2020 жылы 12 мың теңге қостық. 2021 жылы 13 мың теңге қостық. Сонымен, жүргізушілердің жағдайын ескеріп, мекеменің атынан өздерінің үкімет бекіткен айлық жалақысынан бөлек 25 мың теңге төленіп келді, - дейді Маңғыстау облыстық жедел жәрдем станциясының директоры Айларбек Шыршықбаев.
Осы жылы үкімет бекіткен айлық жалақының үстіне 50 мың теңге қосып төлейміз дейді мекеме басшысы. Ал бұзылған көліктерді жөндеумен айналысатын компаниялар келісім шарт негізінде қызмет көрсетеді екен.
Махаббат Нұржанқызы