Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтауға кешенді сыртқы талдау жұмыстары басталды. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Қуаныш Мырзағали мәлім етті.
Оның айтуынша, талдау жұмыстарының мақсаты – субсидияларды алу үшін өтінімдерді тапсыру сәтінен бастап, оны берудің ашық, әрі әділ жүйесін қамтамасыз ету.
«Талдау жұмыстары шілденің соңына дейін жүргізіледі. Басым бағыт субсидия бөлудің жаңашыл тәртібін енгізу арқылы ауылдың әлеуметтік жағдайын көтеруді көздейді. Сондай-ақ қаржының әділ де тиімді бөлінуін қамтамасыз ету арқылы азаматтардың нақты өндірілетін өнімге қол жеткізуіне жағдай жасау. Тәуекелдерді жою мақсатында шаруа қожалықтарының ұсыныс-пікірлері зерделенеді. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен мәселелерінің тізілімі жасақталады. Қазіргі уақытта арнайы ведомствоаралық жұмыс тобы құрылуда. Онда статистикалық мәліметтер, нормативтік құқықтық актілер, өңірлерде субсидия берудің тәжірибесі, қылмыстық істер мен сот шешімдері және азаматтардың өтініштері қаралады», - деді Қуаныш Мырзағали.