Ақтауда 15 миллион теңгеге қойылған пластик қызғалдақтар мен 5 миллион теңгенің әткеншегі бір ай өтпей қирап жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Әкімдіктің қалаға көрік береді деген «Гүлді алаңдағы» пластик қызғалдақтар құлап жатыр. Пластик гүл сабағынан айырылып, ұшып жатыр. Гүлдер бекітілген көгал да тегіс қойылмаған, электр сымдар ашық тұр. Халық әкімдіктің бұл инсталляцияға 15 миллион теңге жұмсағанына наразы.
5 миллион теңгеге орнатылған әткеншектердің де жерге бекітілген шынжыры он күн ішінде ажырап үлгерген. Тіпті, орындықтары қисайып тұр. Ал әкімдік бұл инсталляцияларды әлі өз теңгеріміне қабылдамағанын хабарлады.
Әткеншек те, гүлдер алаңы да қала әкімдігіне тапсырылмаған. Әткеншектің сынған элементтері бюджетке ешқандай шығын келтіріп тұрған жоқ. Мердігер мекемеге қайта қалпына келтіруге тапсырма берілді. Барлық нысанды аяқтап қала әкімдігінің теңгеріміне бергеннен кейін ары қарай күтіп ұстау жұмыстарын мердігер мекеме өзі жүргізетін болады. Оған бюджеттен қаражат қаралмайды, - деді Ақтау қалалық ТҮКШ бөлімінің коммуналдық сектор меңгерушісі Айбек Ербөлеков.
Айта кетейік, осыдан 10 күн бұрын әкімдік қала әсемдігі үшін 43 миллион теңге қаражат жұмсап төрт инсталляцияны орнатқан еді.
Махаббат Нұржанқызы