Джиу джитсудан Маңғыстаудан шыққан алғашқы әлем чемпионы Есболат Медеуов бүгінде Ақтауда шәкірт тәрбиелеумен айналысады. Шәкірттері жақында Ақтөбе қаласында грэпплинг AIGA және IIBJJf түрінен өткен Kokzhal Championship ашық чемпионатында бірнеше жүлделі орынды иеленді. Жарыс алғашқы күні грэпплинг, екінші күні джиу джитсу бойынша өткізілді.
1-орын алғандардың бірі маңғыстаулық Рамазан Еділовтің жасы 5-те. Оның көрсеткен өнері спорт сүйер қауымды тәнті еткен. Жүлде алғандардың 14-і 5 пен 18 жас аралығында, ал Сұңғат Сансызбаев 70 килограммнан жоғары салмақта ересектер санатында өнер көрсеткен. Маңғыстаудан барған команда мүшелері жарыстың екі күнінде де жеңіс тұғырынан көрінген. Аталған жарыста Рамазан Еділов, Нұрдәулет Есенұлы, Ислам Сансызбаев пен Сұңғат Сансызбаев 1-орынды иеленген. 2-орынды Абдурахман Еділов, Ерсейіт Ерсайын, Алмас Мұхамбетияр, Бақырыс Елемес, Жалғас Тұрәлиев алса, Абдурахим Еділов, Алмат Ізбасқанов, Рауан Асылхан, Мансұр Хамза мен Досбол Көшкін 3-орыннан көріне білген. Балалардың осы спортқа деген ынтасы ерекше екенін айтқан Есболат Медеуов, әр түрлі жарыстарға қатысуға қаржы жағы қолбайлау болып тұрғанына қынжылады. Ол аталған спорт түрі аймақта дұрыс қолдау таппай отырғанын айтты.
-Жүлделі орын алып жүрген балалардың ең кішісінің жасы 5-те. Оларды ел, әлем чемпионаттарына қатыстырғымыз келеді. Республика чемпионаттарына іріктеуге байланысты да кедергілер бар, себебі клубтың балалары қатыстырылмайды. Сол себепті, осы жолғы Ақтөбедегі жарыста балалар Қостанай облысының атынан шықты, - дейді Есболат. Ал, Маңғыстау атынан қатысқан жасөспірімдер бұл жолы жүлдесіз оралған. Оған себеп облыста іріктеудің ашық өтпеуі екенін айтады ол. -Жасөспірімдердің осы спорт түрінде өзін көрсететін уақыты 11-18 жас аралығы. Осы жаста нағыз бабында болады, алайда қаржылық қолдаудың болмауынан талай қыз-жігіттер мүмкіндікті жіберіп алды. Қолды бір сілтеп, кетіп қалған талай талантты спортшы жастар бар, - дейді жаттықтырушы. Қазір мұнда 100-ден астам жасөспірім жаттығады.
Кәмшат СӘРСЕНБАЕВА