Бүгін ұлы қайраткер Тобанияз Әлниязұлының қайта қалпына келтірілген ескерткіші салтанатты түрде ашылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Алдымен Н. Жантөрин атындағы облыстық музыкалық-драма театрының өнерпаздары Тобанияз Әлнияұлы өмірінен тарихи үзінділерді сахналады. Содан соң рухына құран бағышталды.
Ашылу салтанатында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Абзал Меңдібайұлы алғашқы сөз алды. Ол өткен тарихты еске алып, Тобанияз ерлігінің жас ұрпаққа үлгі екенін атап өтті.
«Қазақ халқы өткен ғасырда қайғы-қасіретке толы, мыңдаған адамның өмірін жалмаған, жазықсыз жапа шеккен, өз елінде халық жауы атанған, ауыр кезеңдерді бастан өткерді. Сол жылдары елдің еркіндігін аңсаған, тәуелсіздікке қол жеткізуді мақсат еткен тұлғаларымыз өмірден өтті. Олардың қатарында Тобанияз Әлниязұлы, Жалау Мыңбаев сынды азаматтарымыз бар. Сол кезеңдерде Адай уезі революциялық комитетін басқарған мемлекет қайраткері Тобанияз Әлниязұлы Батыстағы өңірдің жетекшілері Досмұхамедпен бірге елдің бірлігін, мемлекеттің тұғырлы болуын аңсады. Сол жолда күресті, қазіргі кезде сол кісілердің аты ақталып, еңбектері еленді. Мұның бәрі жастардың есіне сақталды», - дейді облыс әкімінің орынбасары А. Меңдібаев.
Одан кейін Өмірзақ Озғанбаев, Тобанияз Әлниязұлы кітабының авторы Мәжит Марат, қоғам қайраткері Жауғашты Нәбиев сөз сөйледі.
Сонымен қатар салтанатты шараға Тобанияз Әлниязұлының немересі Шамаби Зәкіржанов пен жиені Нұрбөпе Қалдыбаева келді. Олар Тобанияз ескерткішінің қайта қалпына келтіруге көңіл бөлген жергілікті билікке, Тобанияз ерлігі мен еңбегін ұмытпаған халыққа өз алғысын айтып, қуанышын жеткізді. Әрі қарай ескерткіштің ақ матасын төмен түсіріп, бейненің жаңа үлгісін көпке көрсетті. Абзал Меңдібаев және Өмірзақ Озғанбаев бастаған қатысушылар ескерткішке гүл шоғын қойды.
Айта кетейік, Тобанияз ескерткішінің аумағын қайта қалыпқа келтіру үшін жергілікті бюджеттен 65 млн теңге бөлінген.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
Өмірзақ Озғанбаев
Мәжит Марат