Маңғыстау облысында биыл Қарақия, Маңғыстау аудандары бойынша көлемі 303 025 мың гектар жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Мұны қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Маңғыстау облысы жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сәбит Сейдалиев мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Космомониторинг жобасы аясында «Qoldau.kz» веб-порталы арқылы өткен жылы облыс көлемінде 799 субъектінің пайдаланылмай жатқан көлемі 2 млн.659,8 мың гектар жайылым жерлері анықталған болатын.
- Қазіргі таңда, олардың көлемі 2 млн. 247 мың 725 гектар болатын 16 субъектінің жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Сонымен қатар, өткен жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді пайдалану бойынша веб-портал арқылы жалпы көлемі 2 млн. 529 мың гектар құрайтын 612 жер пайдаланушы жеке және заңды тұлғаларға хабарламалар жолданды, - дейді Сәбит Сейдалиев.
Аудандар мен қалалар бойынша жер учаскелерін сауда-саттықтар арқылы табыстау тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда аукциондар толықтай www.gosreestr.kz сайтында «Электронды сауда алаңында» өткізілуде. Жыл басынан облыс көлемінде 19 аукцион өткізіліп, кәсіпкерлік мақсаттағы көлемі 80,0 гектар құрайтын 157 жер учаскесі 186 млн. 485 мың теңгеге сатылды.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы №301 бұйрығымен бекітілген «Жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтерді көрсету» қағидаларына сәйкес, жер қатынастары саласында көрсетілетін 12 мемлекеттік қызметтің 11-і автоматтандырылды. 2021 жылдың 10 айы ішінде барлығы 222 мемлекеттік қызмет көрсетілді.