ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында батыс өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарлары қаралды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша өткен жылы қабылданған Маңғыстау және Атырау облыстарының кешенді жоспарлары өзектендірілді, сондай-ақ Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарына арналған жоспарлар әзірленді.
«Жоспарлар экономиканың жекелеген салаларын дамытуға ғана емес, сондай-ақ сапалы сумен қамтамасыз ету, білім беру мен денсаулық сақтаудың қолжетімді болуы, жаңа жұмыс орындарын құру сияқты маңызды мәселелерді шешуге бағытталуы тиіс», — деді Ә. Смайылов.
Маңғыстау облысында жалпы сомасы 2,1 трлн теңгеге 226 іс-шараны іске асыру көзделген. Су тұщытатын 9 зауыт пен қондырғыларды салу және оларды кеңейту, 55 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Құжаттарда негізінен бюджеттен тыс қаражатты – квазимемлекеттік сектор мен жеке инвесторлардың қаражатын тартуға басымдық беріліп отыр.
«Ең бастысы, өңір халқы оң өзгерістерді барынша сезінулері тиіс, болашаққа сеніммен қарап, жұмыс істеп, табыс тауып, өздерінің бизнестерін дамытып, жақсы емделіп, сапалы білім алуы қажет. Халықтың тұрмыс сапасын айтарлықтай жақсарту үшін барлық мүмкіндіктерді пайдаланған жөн», — деді Ә. Смайылов.