Тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшылар арасында өткен ҚР VI спартакиадасында Мұнайлы ауданының теннисшілері топ жарды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Командалық есепте мұнайлылық Мейірбек Өтепов пен Ғабит Мырзабаев бірінші орынға ие болып алтын жүлде алды.
«Бұл - ерік-жігері мықтылардың сайысы. Кез-келген спортшы бұл сайыста топ жара алмайды. Десе де мұнайлылық спортшылар өлкеміздің абыройын жоғары деңгейге көтерді», - деді спортшылардың бапкері Наурызбек Бақтығұл.
Жеке сайыста Тұрдыбек Жидеғалиев қола жүлде алып, Ақкүміс Боқаева 2-орынды иеленді. Ал Мейірбек Өтепов ел чемпионы атанды.
Айта кетейік, тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшылар арасында өткен додада үстел теннисінен маңғыстаулықтар алғаш рет чемпион атанды.
Жарысқа Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан және еліміздің әр облысынан барлығы 170 спортшы қатысты.