Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Маңғыстау облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Жанна Тоқбаева мәлім етті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Аймақтағы шағын және орта кәсіпкерліктің негізгі көрсеткіштері бойынша биылғы 1 қыркүйектегі жағдайға сәйкес, жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілердің саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,5%-ға өсті. Биыл барлығы 54 мың кәсіпкерлік нысан жұмыс істеп жатыр», - деді Жанна Тоқбаева.
Облыстағы 54 мың кәсіпкерлік нысанның 75,8%, яғни 40 890-ы жеке кәсіпкерлер үлесіне тиесілі. Ал шағын кәсіпорындар саны 18,9%, яғни 10 187 нысанды құрап отыр. Өңірдегі ауыл шаруашылығын дамытуда шаруа қожалықтарының 2 796-ы, яғни 5,2%-ы жұмыс істейді. Қалған 0,2% немесе 88 нысан орта кәсіпорындардың үлесіне тиесілі.
Спикердің айтуынша, жыл басынан бері өңірдегі шағын және орта бизнес нысандарының өндірген өнім көлемі 308,9 млрд. теңгені құрады.