Нұр-Сұлтан қаласында Мәдениет және спорт министрлігі және «Жандану әлемі» қорының қолдауымен ұйымдастырылған «Бала дауысы» ән байқауының VI маусымының жеңімпазы мен жүлдегерлері анықталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Финалға биыл 25 наурыз бен 15 мамыр аралығындағы іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен Шымкент, Алматы және Нұр-Сұлтан қаласы мен он төрт облыстың 17 жас дарынды өнерпазы жолдама алды.
«Бала дауысы» ән байқауының VI маусымының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, жоба авторы Әлия Назарбаева, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Асхат Оралов, Нұрсұлтан Назарбаев Қорының атқарушы директоры Қанат Жұмабаев пен Қазақ ұлттық музыка академиясының ректоры Айман Мұсақожаева қатысты.
Байқау қорытындысы бойынша «Бала дауысы» жобасының биылғы VI маусымының Гран-при, бас жүлдесі – Қазақ ұлттық өнер университетінде оқу гранты Жасмин Түзеловаға бұйырды.
Ал, бірінші орынды маңғыстаулық Әмина Асғатова иеленді.
Екінші орынды алматылық Юлия Макс пен қарағандылық Виктор Емельяновке, үшінші орынға Атырау облысының өкілі Алтынай Төлеген, Қызылорда облысының жас әншісі Серік Мадияр және Түркістан облысынан сынға түскен Майя Болат жайғасты.