Алаяқтар енді тұрғындарға полиция департаменті басшылығының атынан телефон соғатын болған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Өздерін полиция қызметкері ретінде таныстырған шабуылшылар азаматтардың сеніміне кіріп, алаяқтықпен айналысады. Қала тұрғыны осындай қақпандардың біріне түсіп кете жаздады.
Ағымдағы жылдың 26 қыркүйегінде таңғы сағат 9-дар шамасында «WhatsApp» әлеуметтік желісі арқылы Ақтау қаласының тұрғынының ұялы телефонына белгісіз нөмірден хабарлама келген. Ол өзін тәртіп сақшысымын деп таныстырып, азаматтың кешкі сағат 18:00-ге дейін полиция бөліміне келуін талап еткен.
Мән-жайды анықтау үшін қала тұрғыны бірден ішкі істер органдарына келіп, департамент басшысының орынбасары Болатбек Ақшауовқа жеке жолыққан. Полиция полковнигі мұндай жағдайдың бірінші рет емес екенін айтып, олардың алаяқ екенін ескертеді.
– Полиция қызметкерлері ешқашан ұялы телефон арқылы арнайы операциялар мен тергеу әрекеттерін жүргізбейді. Сондықтан бейтаныс нөмірлер мен күмәнді SMS хабарламалар арқылы хабарласқан адамдарға сенбеуіңізді сұраймыз. Бұл алаяқтар, - деп атап өтті басқарма басшысының орынбасары.
Өз кезегінде жас жігіт те азаматтарды аса сақ болуға шақырады. Сонымен қатар, полиция қызметкерлеріне жедел қызмет көрсеткені үшін алғысын білдірді.