ҚР Бас прокурорының орынбасары Жандос Өмірәлиев Қазақстан халқына үндеу жасады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«Отандық ақпараттық кеңістікте және түрлі әлеуметтік желілерде түрлі тақырыпта көрінеу жалған ақпарат тарату жағдайлары жиілеп кетті. Олар блогерлердің арандатушылық мәлімдемелерімен және этникалық араздықты қоздыру белгілері бар әлеуметтік желіні пайдаланушылардың пікірлерімен бірге жүреді.
Мұндай жалған ақпаратты таратуды негізінен блогерлер әдейі, өздерінің жеке және үшінші тұлғалардың мүдделері үшін жүзеге асырады.
Олардың мақсаты - жеке басын байыту және ақша бопсалау арқылы материалдық пайда алу.
Ұлтараздықты қоздыруға, бопсалауға, көрінеу жалған ақпарат таратуға бағытталған бұл әрекеттер Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174, 194 және 274-баптарында көзделген қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатын әрекеттер болып табылады», - делінген хабарламада.
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы ел азаматтарын, БАҚ өкілдерін, әлеуметтік желі қолданушыларын заңды қатаң сақтауға және жоғарыда аталған құқық бұзушылықтардың ешқайсысын жасамауға, арандатушылыққа бой алдырмауға шақырады. Тек ресми ақпарат көздерін пайдалануды ұсынады.