Статистикалық мәліметтерге сәйкес, қазақстандықтардың 31% ғана бұқаралық спортпен айналысады. Ал Маңғыстау облысында бұл көрсеткіш 36,8% құрап, 2020 жылғы деңгейге қарағанда 12 993 адамға өскен, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мұндай жетістікке ауладағы спорт алаңдарының, көшедегі жаттығу алаңдарының, балаларға арналған спорт мектептерінің, жекеменшік жаттығу залдарының көптеп салынуы мен спортшыларды тарту бағытындағы спорт федерацияларының жүйелі жұмыс жүргізуі септігін тигізуде.
Бүгінде облыс бойынша 104 спорт түрі қамтылған. Онда 4-17 жас аралығындағы 210 400 бала мен жасөспірімдердің 52,6 % спортпен шұғылданады.
Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында қалалар мен аудан орталықтарында спорт секцияларын ашу, балалар үйірмелерінің қызметін және халықты бұқаралық спортпен айналысуға тарту және балаларды тегін спорттық секцияларымен қамту тапсырмасы бойынша биыл спорттың 56 түрінен 249 секция ашылды. 3740 бала тегін түрде спортпен шұғылдануда.
Бүгінде облыс бойынша 822 спорт нысаны жұмыс істейді. Оның 447-і жазық далада орналасқан алаңдар мен воркауттар. Ал, ауылдық елді мекендерге 213 алаң тұрғызылды.
Бұдан бөлек аймақта жабық ғимаратағы 33 спорт кешені бар. Оның 13 Ақтау қаласында орналасқан. Облыста 19 балалар және жасөспірімдер спорт мектебі спорттың 46 түрінен балалар мен жасөспірімдерді тегін жатықтырады. Онда 636 жаттықтырушы, 18708 баланы шынықтырып жүр. Сонымен қатар, 6 мамандырылған балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде 5-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер 21 спорт түрінен тегін қатыса алады. Мектепте жоғары білімді 172 жаттықтырушы жұмыс істейді.
Сонымен қатар, өңірде бұқаралық спортты дамыту мақсатындағы әлеуметтік жобаларды қолдау арқылы аула балаларын спортқа тарту бойынша «Біздің ауланың Чемпиондары» жобасы қолға алынды. Облыс көлемінде ашылған 64 үй ауласындағы спорт алаңында 14 000-ға жуық қала және ауыл балалары жаттығуда. Спорт алаңдары барлық деңгейдегі тұрғындарға қолжетімді әрі ыңғайлы болғандықтан, балалар мен олардың ата-аналарының арасында үлкен сұранысқа ие.
«Салауатты өмір салты – дені сау ұлт қалыптастырудың негізгі шарты»,-деп мемлекет басшысы мәлімдеген болатын. Президент бұл ойымен бұқаралық және балалар спортын дамыту стратегиялық басымдық екеніне назар аударып отыр.
Президент тапсырмасына сәйкес, біз 2025 жылға дейін өңір тұрғындарының 50 % спортқа тартуды жоспарлап отырмыз. Осы мақсатта жаңа спорт нысандарын салып, оларды керек-жарақпен толық жабдықтау міндеті тұр»,-деді облыстық спорт басқармасының басшысы Қанат Жұмабаев.