Өрттен құтқару спортынан Қазақстан Республикасының Кубогы қарсаңында мандат комиссиясы мен спорттық жабдықтарды тексеруге арналған отырыс өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Сайысқа дайындық жұмыстары толық аяқталды. Ертең Қазақстан чемпиондарының есімдері анықталмақ. Ал бүгін мандат комиссиясы мен спорттық жабдықтарды сыннан өткізу отырысы өтті. Мандат комиссиясы отырысына чемпионатқа қатысатын командалардың өкілдері мен жаттықтырушылары болды.
Чемпионатқа 250-ден астам адам қатысады. Оның ішінде облыстардың, Нұрсұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының ТЖД және Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық Қорғау академиясының 9 үздік ерлер командасы бар.
Маңғыстау облысы ТЖД Дағдарыс орталығында болған отырыста бас төрешілер алқасының, команда өкілдерінің кеңесі және жеребе тарту рәсімі өтті. Отырыс барысында Маңғыстау облысы ТЖД бастығы полковник Мұханов Мұрат Сейтмолдаұлы және бас судьяның орынбасары, "Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың спорт федерациясы" қоғамдық бірлестігінің басшысы Даурен Данаев қатысушыларға жарыс ережесін түсіндірді. Аға төрешілер командалардың өрт-техникалық жабдықтарының тексеріс нәтижесі жөнінде ақпарат берді.
Айта кетейік, 23-28 мамыр аралығында Ақтау қаласында өрттен құтқару спортынан Қазақстан Республикасының Кубогы өтеді.
Жарыс 09:00-ден 18:00-ге дейін болады.
Кубоктың ресми ашылуы 25 мамыр күні сағат 15:00-де «Жас Қанат» спорт кешенінде өтеді.
Жарыс бағдарламасына шабуыл сатысымен көтерілу, 100 метрлік кедергілері бар жолақтан өту, жауынгерлік қанат жаю енгізілген.
Бұл жарыстың негізгі мақсаты — өрттен құтқару спортын дамыту және жастарға насихаттау.