Қазақстан құрамасы регбиден Азия чемпионатының жеңімпазы атанды. Команда құрамында Ақтаудың төрт спортшысы бар, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Регбиден Азия чемпионатының III дивизионы Қырғызстан Республикасының Бішкек қаласында өтті. Чемпионатқа Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия және Өзбекстан құрамалары қатысты.
Қазақстан құрамасының сапында 4 маңғыстаулық ойыншы бар. Атап айтқанда Николай Белкин, Савва Егоров, Ильяс Мамбаев және Руслан Ихонкин. Олар – Маңғыстау облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің спортшылары және олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушылары.
Регби-15 бойынша өткен Азия чемпионатынының финалында Қазақстан Өзбекстанды 32:24 есебімен жеңіп, Азия чемпионы болды. Жартылай финалда Өзбекстан – Моңғолия арасындағы жарыста 17:10 есебімен өзбекстанның пайдасына шешілсе, Қазақстан құрамасы Қырғызстан құрамасын 113:5 есебімен жеңді.
Азия чемпионатының қорытындысы бойынша үшінші орынға Моңғолия, екінші орынға Өзбекстан, ал бірінші орынға Қазақстан құрамасы шықты. Чемпионат ойындарының жартылай финалы Бішкек қаласындағы Долон Өмірзақов атындағы стадионда өтті.
Қазіргі таңда регбимен облысымызда 250-ге жуық спортшы айналысады.