Ақтауда қазақстандық «Naiza» және ресейлік «Eagle fc» промоушендері тұңғыш рет спорт апталығын өткізеді. Бұл туралы облыстық Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте «Naiza» лигасының президенті Нұрбек Қарабала мәлімдеді.
Нұрбек Қарабаланың айтуынша, спортты дамытуға арналған «Naiza Sport Week» апталығы 11-15 шілде аралығында өтеді. Шараны қаланың кез келген тұрғыны тамашалай алады.
Спикердің мәліметінше, «Naiza 41 х Eagle» 48 біріккен турнирін «DAR» компаниялар тобының қолдауымен өткізеді. Шара аясында өңірдің белді чемпиондары, спортшылары мен жаттықтырушыларының қатысуымен түрлі шеберлік сағаты, ашық жаттығулар мен мотивациялық кездесулер өтеді. Олардың қатарында UFC шеберлері Шавкат Рахмонов, «DAR Team» командасының коучтары - Азиз Разыев пен Эдуард Базров бар. Сондай-ақ, «Naiza» лигасының чемпиондары - Әліби Ыдырыс, Николай Самусев, Ильдар Құдайбергенов, панкратионнан әлем чемпионы Мұратбек Қасымбай, Ғалымжан Жасұлановта қатысады.
«Naiza» лигасының апталықты өткізудегі негізгі мақсаты - Маңғыстау өңірінің туристік потенциалын арттыру, Ақтау қаласы жастарының спортқа деген қызығушылығын ояту.
Ал Маңғыстау облыстық спорт басқармасының басшысы Қанат Жұмабаевтың айтуынша, апталық аясында облыстық баскетбол федерациясының қолдауымен регболдан ойын және «Run Club Aktau» клубының қатысуымен теңіз жағалауында жүгіруден жарыс ұйымдастырылады. Теңіз жағасында болатын жүгіруге, барлық ниет білдірушілер қатыса алады. Одан бөлек, белді ресейлік «Eagle fc» лигасының президенті Шамиль Завуровтың шеберлік сағаты өтеді.
Сонымен қатар, 15 шілде күні ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты кеңесінің мүшесі, жас кәсіпкер - Дамир Аманжолдың қатысуымен форум ұйымдастырылады. Турнирдің құрметті қонағы болып, UFC чемпионы Хабиб Нурмагомедов келеді деп жоспарланып отыр.