Маңғыстаулық мүмкіндігі шектеулі спортшылар үстел теннисінен ел чемпионатында жеті медаль жеңіп алды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық ҚКО-ға сілтеме жасап.
Жарыс Орал қаласында 3-8 шілде аралығында өтті. Оған еліміздің 15 өңірінен 114 спортшы қатысты. Тірек-қимыл қозғалыс аппараты зақымданған спортшылар арасында ұйымдастырылған жарыста маңғыстаулық спортшылар жекелей сында — 1 алтын, 2 күміс медаль, командалық сында 2 алтын, 2 қола медаль жеңіп алды.
Командалық есепте маңғыстаулық Мейірбек Өтепов пен Ғабит Мырзабаев бірінші орынға ие болып алтыннан алқа тақты. Сондай-ақ, Гүлім Елдесбаева алматылық спортшымен бірге өнер көрсетіп 1-орын алды. Ақкүміс Боқаева қостанайлық спортшымен және Людмила Васюткина Жамбыл облысының спортшысымен жұпта ойнап қола жүлдеге ие болды. Ал жекелей сында Мейірбек Өтепов ҚР чемпионы атанса, Ақкүміс Боқаева пен Гүлім Елдесбаева күміс жүлдеге ие болды. Айта кетсек, Мейірбек Өтепов осымен екінші дүркін ҚР чемпионы атанып отыр. Ол осыған дейін 2021 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен Қазақстан Республикасының VI спартакиадасының чемпионы атанған болатын.
- Жарыс жоғары деңгейде өтті. Атырау, Орал, Қызылордадан келген қарсыластарымның деңгейлері мықты болды. Жоғары бәсекелестік болса да, чемпиондық атағымды қорғап шықтым және де алдыңғы жылғы ойынмен салыстырмалы түрде тәжірибе жиналғанын байқадым. Алда белестерді бағындыруды тоқтатпаймыз. Ендігі мақсат Азия ойындарында өнер көрсетіп, әлемдік аренаны бағындыру, - деді Мейірбек Өтепов.
Жарыс нәтижесі бойынша Гүлім Елдесбаева мен Ғабит Мырзабаев "Спорт шебері" атағын алды.