Маңғыстаулық Саматәлі Төлтаев бокстан ерлер мен әйелдер арасында өткен I халықаралық «Елорда кубогында» алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жарыс Нұр-Сұлтан қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Жекпе-жек» сарайында өтті. Куба, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Үндістан, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан боксшылары қатысқан жарыста барлығы он елден 250 спортшы бақ сынады.
- Қазақстан құрамасы атынан 50-ге жуық спортшы қатысты. «Елорда кубогі» әлемнің кіл мықтылары жиналатын турнирге және болашақ жұлдыздарды олимп шыңына өрлететін трамплинге айналады деп сенемін, - деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Спорт комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев.
60 келіде жұдырықтасқан Саматәлі Төлтаев чемпион болды. Ол алғашқы кездесуінде қырғыз боксшысы Минарбек Сейітбекұлынан басым түсіп, одан кейін жартылай финалда қазақстандық Әділет Құрметовты 5:0 есебімен ұтып, финалда Талғат Сырымбетовті жеңді. Ал, оның бауыры Санатәлі Төлтаев халықаралық турнирдің күміс жүлдегері атанды.
Байрақты бәсекеде әлем үздіктері 25 салмақ дәрежесі бойынша қолғап түйістірді. Турнир жеңімпаздары осы жылдың қазан және қараша айларында өтетін Азия чемпионатында өнер көрсетеді.