Маңғыстаулық спортшылар дәстүрлі ушудан өткен Әлем чемпионатының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қытайдың Эмейшань қаласында дәстүрлі ушудан (кунг-фу) IХ Әлем чемпионаты өтті. Әлем чемпионатында 53 мемлекеттен 1500-ден астам спортшы бақ сынады.
Оның ішінде Қазақстан құрамасында маңғыстаулық 11 спортшы ел намысын қорғады.
Әлемдік додада маңғыстаулық спортшылар ел қоржынына 6 алтын, 7 күміс, 8 қола медаль салды.
Атап айтқанда, ересектер арасында Алексей Бабенко алтын және күміс жүлде иеленсе, Даяна Куспанова күміс және қола жүлде иеленді.
Ал, 15-17 жас аралығында спортшылар арасында Алижан Мухаметов (2 алтын медаль), Кирилл Малеев, Нурлан Мустафин, Айымжан Кузембай Әлем чемпиондары атанса, күміс жүлдені Айдана Мухаметова, Денис Петраковский, Арман Телесинов, Зарина Максутова, Айымжан Кузембай жеңіп алды. Ал қола жүлдегерлер қатарынан Алдияр Тулеев (2 қола медаль) , Денис Петраковский, Кирилл Малеев, Арман Телесинов, Алькарим Жадигер, Айдана Мухаметова көрінді.
Айта кетейік,жарыс 22-28 тамыз аралығында өтті. Ушу таолу спорт түрінен МО аға жаттықтырушысы Наталья Никонованың айтуынша, бұл Әлем чемпионатына қатысқан спортшылар 28-30 сәуірде Ақтау қаласында ушудан өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында іріктелген еді.