БАӘ мемлекеті Дубай қаласында тірек-қимыл жүйесі зақымдалған мүгедек спортшылар арасында пара пауэрлифтингтен әлем чемпионаты өтіп жатыр. Маңғыстаулық Шалқар Ақмолдаев қола жүлдегер атанса, Ғани Исентемиров Қытайда өтетін Азия ойындарына жолдама алды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шалқар жастар арасынан 80 келіге дейінгі салмақта 115 келі ауырлықтағы штанганы көтеріп, 3-орынға ие болды. Ал 1 және 2-орынға Египет елінің және Чили елінің спортшылары жайғасты.
22-30 тамыз аралығында өтетін әлемдік додаға 81 мемлекеттен 500-ге жуық спортшы қатысып жатыр.
Шалқардың жаттықтырушысы Арслан Суюншалиевтің айтуынша, спортшы жастар арасында ҚР бірнеше дүркін чемпионы атанған.
Сондай-ақ + 107 келіде ерлер арасында С тобында бақ сынаған Ғани Исентемиров Қытайда өтетін Азия ойындарына жолдама алды.