Биыл «Құрбан айт» мерекесінде құрбандық шалу онлайн және офлайн форматта қатар өткізіледі. Онлайн құрбандық шалу үшін «Qurban2022.kz» сайты іске қосылды. Бұл туралы Маңғыстау облыстық Бекет ата мешітінің бас имамы Әнуар Елжанов айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық ҚКО-ға сілтеме жасап.
Маңғыстау облысы бойынша құрбан айт намазы 9-шілде күні таңғы сағат 06:30-да оқылады. Құрбандық шалу құрбан айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні күн батқанға дейін жалғасады. 9-11 шілде аралығы – «Құрбан айт» мерекесі тойланады. Ал Арапа, яғни Құрбан айтқа дайындық 8 шілдеге белгіленген.
Спикердің айтуынша, «Qurban2022.kz» сайты арқылы құрбандықты онлайн шалғысы келетін адамдар, құрбандық малын шалу үшін порталда тапсырыс бере алады. Ол үшін сайтқа кіріп, өңірді белгілегеннен кейін құрбандық малын таңдауға болады.
- Онлайн құрбандық малының тапсырыс сомасы: ешкі – 45 мың тг, қой – 80 мың тг, ірі қара мал - 520 мың тг, түйе – 580 мың тг. Қой мен ешкіні бір адамның атынан, ал сиыр мен түйені 7 адамға дейін бірігіп шалуына болады. Құрбандыққа қандай мал шалынады: құрбандыққа таңдап алынған малдың сау, мінсіз болуы талап етіледі. Құрбандыққа қой, ешкі, ірі қара немесе түйе шалу керек. Белгілі жасқа жеткен малды құрбандыққа шалу керек. Мәселен, қой мен ешкі бір жасқа жету керек. Ал, ірі қара екі жасқа, түйе бес жасқа толуы шарт. Бір жасқа толмаған семіз әрі ірі қойды да құрбандыққа шалуға рұқсат етіледі, дегенмен сақтық ретінде бір жасқа толған қойды шалған абзал, - деді Әнуар Елжанов.
Спикердің айтуынша, сайтқа тек құрбандық шалуға ниет білдірген азаматтар ғана емес, құрбандық етіне мұқтаж отбасылар да жүгіне алады. Тапсырыстар мен өтініштер 11 шілде сағат 12:00-ге дейін жалғасатын болады. Келіп түскен онлайн өтінімдер бойынша мал сою «Құрық Строй Сервис» ЖШС-нің цехында арнайы оқытылған қасапшылардың және еріктілердің қызметі арқылы жүзеге асады. Содан кейін, шалынған құрбандық еттері толықтай мұқтаж жандарға таратылады.
Сонымен қатар, Маңғыстау облыстық орталық Бекет ата мешітінің және өңіріміздегі өзге де ірі мешіттердің аулаларынан киіз үйлер тігіліп, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізілетін болады. Бұдан бөлек, биыл елімізде «Балалар жылы» деп бекітілуіне байланысты, әлеуметтік аз ақмтылған отбасылардың балаларына рухани мерекенің мән-маңызын түсіндіру мақсатында «Құрбан айт базарлығы» үлестіріледі.