10 шілдеден бастап түлектерді қолдау мақсатында мектептерде кеңес беру пункттері ашылады. Бұл туралы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Мамаева мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық ҚКО-ға сілтеме жасап.
Спикердің айтуынша, ашылатын кеңес беру пункттеріне еліміздегі 43 университтің өкілі шақырылған. Олар 10-20 шілде аралығында талапкерлерге қажетті ақпаратты жеткізіп, сұрақтарына жауап береді.
ҰБТ-ден шектік балды жинаған түлектер Алматы, Нұр-Сұлтан, ШҚО, СҚО, Қостанай, Ақмола, Қарағанды, Павлодар облысының университеттерін таңдай алады.
Еске сала кетейік, биыл Маңғыстау түлектеріне қосымша 6 мың грант бөлінгенін айтқан болатынбыз.
- Бұл талапкерлерге үлкен мүмкіндік. Басты басымдық педагогикалық және техникалық мамандыққа беріледі. Облыстағы мұғалім тапшылығы көптен бері айтылып келеді. Әсіресе, орыс тілі мен әдебиетінен жетіспейді. Сондықтан осы бөлінген грант арқылы кадр жетіспеушілігін жоюды жоспарлап отырмыз. Биыл түлектердің 80%-дан астамы ҰБТ-ға қатысып жатыр. 13-20 шілде аралығында мемлекеттік білім беру гранты конкурсына құжат қабылдау болады, - деді Гүлмира Мамаева.
Сонымен қатар, 2018 жылдан бері жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлау үшін жергілікті бюджеттен білім беру гранттары бөлініп келеді.
- Алдағы оқу жылына жергілікті бюджеттен 175 грант бакалавр мамандықтарына бөлінді (медицина, өнер, ауыл шаруашылығы салаларына).
Тамыз айында конкурс комиссиясының отырысы өткізіліп, грант иегерлері анықталады. Аталған конкурс жөніндегі ақпарат шілде айының екінші жартысында Білім басқармасының интернет ресурстарында хабарланады, - деді Гүлмира Мамаева.
Айта кетейік, биылғы оқу жылында Маңғыстауда 7562 түлек мектеп бітірді. Оның ішінде 174 алтын белгі мен 520 үздік аттестат иегері бар.