Маңғыстау облысында шағын және орта бизнес субъектілерінен 1,6 трлн. теңгенің өнімі шығарылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгін, 7 шілдеде "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының өңірлік филиалында Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев бизнес субъектілерімен, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың басшыларымен кездесті. Жиында бизнестің өңірлік және салалық мәселелері мен жедел шешуді талап ететін міндеттер талқыланды.
Маңғыстау облысының құқық қорғау органдары мен өңірлік кәсіпкерлер палатасының бизнесті қорғау саласындағы жұмысы туралы облыстың құқық қорғау және мемлекеттік органдарының басшылары баяндады.
Өңір басшысы облыс экономикасын тұрақтандыруда жергілікті шағын және орта бизнесті дамытудың маңыздылығына тоқталып, кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті.
- Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасының оң динамикасын қалыптастыру мақсатында шағын және орта бизнесті дамытуға жан-жақты қолдау көрсету жөнінде нақты тапсырмалар берді. Өңіріміздің ерекше мүмкіндіктеріне орай, сыртқы сауда қатынастарының да экономикамыздың дамуына үлесі зор. Осы бағытта да көрсетілетін қызметтерді, соның ішінде шекаралық қызметтерге байланысты жұмыстарды жетілдіру, кәсіпкерлерге қойылатын талаптарды жеңілдету және заңнамалық өзгерістерді тұрақты түрде түсіндіру бойынша жұмыстарға аса мән беру қажет. Кәсіпкерлер Палатасы, құқық қорғау органдары, аумақтық департаменттер және жергілікті атқарушы органдар Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді орындау және бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында тығыз ынтымақтастық орнататынына сенімдімін, - деді Нұрлан Ноғаев кездесуде.
Облыста биыл өткен жылмен салыстырғанда, жұмыс жасап тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 18%-ға өсіп, 62 мың бірлікті құрады.
Бұл саланың өңір экономикасындағы үлесі 31,6% құрап, шағын және орта бизнес субъектілерімен 1,6 трлн.теңгенің өнімі шығарылды.
Сонымен қатар осы салада жұмыспен қамтылушылар 126 мың адамға жетіп, 4%-ға артып отыр.