Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінде ҚР Сенатының депутаты Серікбай Трұмов профессор-оқытушылармен кездесіп, ел тарихындағы елеулі оқиға Конституциялық реформаны жайында жан-жақты түсіндіріп, референдумның мән-маңызын баяндады.
Жиынды ашқан Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің ректоры Берік Ахметов Конституцияға енгізілетін өзгерістерге байланысты өтетін референдум туралы оқу ордасында кеңінен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүріп жатқанын айтты.
– Референдум – еліміз үшін өте маңызды өзгерістер жолы. Осы референдумның маңызын жете түсіну үшін университет студенттеріне арналған іс-шаралар бар. Осы мақсатта арнайы жоспар жасақтадық. Аталған жоспар аясында әр күн сайын әр факультетте іс-шаралар ұйымдастырылып келеді, - деді Берік Ахметжанұлы.
ҚР Сенатының депутаты Серікбай Трұмов алдағы болатын референдумнан халық не күтетінін, ел игілігі үшін қандай қадамдар жасалып, өзгерістер енгізілетінін егжей-тегжейлі баяндады.
– Мемлекет басшысының бастамасы – суперпрезиденттік басқарудан ықпалды, мықты парламенті бар басқару жүйесіне көшу, Парламентке мүмкіндіктер беру. Парламентке депутаттар халықтың атынан сайланады. Қазіргі мәжілістегі депутаттарымыз партиялық тізіммен сайланған болса жаңа Ата заңымыздағы өзгерістерге байланысты 30 пайызы халықтың атынан сайланатын болады. Яғни депутаттар халықтың аманатын арқалап, Үкіметте жеткізіп, қабылданатын белгілі бір заңдарға өзінің, халықтың ұсынысын, үнін жеткізуге толық мүмкіндіктері бар. Қазір елдің ішінде зейнет жасына, әлеуметтік қолдауларға, шағын несие, кәсіпкерлікке қатысты көтеріліп жүрген мәселелер аз емес. «Жаңа Қазақстан» құрудағы негізгі мақсат – халықпен үкіметтің қоян-қолтық жұмыс істеуіне мүмкіндік жасау. Президент өзінің кейбір өкілеттіктерін парламентке, жергілікті атқарушы органдарға беруді ұсынды. Президент бұрын облыс әкімін тағайындау үшін бір адамды ұсынатын, мәслихат сол адамды бекітетін. Қазір Президент кемінде 2 адам ұсынады. Жергілікті мәслихаттың таңдау мүмкіндігі кеңіп, олардың бағдарламаларын тыңдап, солардың ішінен елдің жағдайын білетін азаматты бекіту мүмкіндігі бар. Яғни жергілікті мәслихаттың беделі арта түседі. Облыстық мәслихатта бұған дейін барлығы партиялық тізіммен сайланып келсе, енді 50 пайызы партиялық тізіммен, 50 пайызы халықтың атынан сайланады. Қала-аудандарда түгелімен халықтың атынан сайланатын болады. Біздің облыстық мәслихат өзі сайлаған әкімге халықтың ұсыныс-пікірін жеткізіп, оның орындалуын бақылай алады. Бұл жергілікті өкілетті органның беделін көтеруде үшін жасалғалы отыр. Міне, осы өзгерістердің барлығы алдағы уақытта қабылданатын Конституцияның баптарында көрініс табады. Президент сонымен бірге партияларға қатысты өзгерістер жасады. Өзі «Аманат» партиясының басшылығынан кетті. Елімізде партиялардың еркін дамуына, бәсекелестікте болуына толық жағдай жасалады. Бұрын аудан, облыс әкімдері осы партияның төрағасы ретінде бекітіліп, бір партияға басымдық беріліп келді. Болашақта партиялардың тең дәрежеде бәсекелестікте болуына жағдай жасалады. Саяси партиялар қоғамның мұң-мұқтажын билікке жеткізе алады. Алда Ата Заңға енгізілетін өзгерістер өте ауқымды, оны көптеген кездесулерде айтып жүрміз, халық қолдап жатыр. өзгерістер кезең-кезеңімен іске асады. Президент өзінің жақын туыстарын мемлекеттік саяси қызметтерде, квазимемлекеттік мекемелерде лауазымды қызметтерде болмауын назарға алды. Бұл кәсіпкерліктің дамуына, ықпалы тұлғалардың кәсіпкерлікке тежеу жасамауы үшін жасалып жатқан қадам.
Мемлекеттік ең негізгі діңгегі – экономикалық дамуы. Еліміздің дамыған, Орталық Азияда өзінің ықпалын жүргізе алатындай мемлекетке айналуы экономикалық жағдайына байланысты болмақ. Саяси реформаларды Конституцияға енгізу жөніндегі жұмысшы тобында бұл тақырыптар кең көлемде талқыланды. Сондықтан біз осы мәселелер халыққа ашық, толық жеткізіледі деп сенеміз, - деді Серікбай Өтелгенұлы.
Ал «Аманат» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының атқарушы хатшысы Нұрбек Қарасаев конституциялық реформалардың арқасында партиялар арасында бәсекелестік дамып, халықтың мұң-мұқтажы мен қоғамда қордаланған мәселелерді билікке жеткізу, оны шешу жолдары оңтайлана түсетінін айтып, осы ретте референдумға халықтың белсене қатысуы маңызды екенін жеткізді.
– Конституциялық реформаларға енгізілетін өзгерістерге сәйкес, алдағы уақытта барлық облыс әкімдері партия төрағалығымен шығады. Бұл біз үшін не береді? Кейде облыс басшылары партиядан кетсе партияның күші кетеді деген де пікір айтылады. Меніңше, керісінше, бұрын партия билікке тәуелді болса, партия емін-еркін жұмыс істеп, халықтың мұң-мұқтажын тікелей билікке жеткізе алады деп ойлаймын. Екіншіден, жалпы партиялардың арасында үлкен бәсекелестік туады. Бәсекелестіктің өзі қазіргі заманға зай талаптарға сәйкес туып отыр. Партияларға үлкен жол ашылады деген сөз. «Аманат» партиясының қалыптасқан ресурстары бар, соны толық пайдаланып, жұмысымызды жалғастыра береміз. Нағыз халықтың мұң-мұқтажына, мәселесіне жауап беретін мүмкіндіктер туып отыр. «Аманат» партиясы өкілдерінің жер-жерде халықпен кездесу ұйымдастыруы тек партия ғана емес, халыққа да керек. Бұл – халықтың сұранысынан туған өзгерістер. Алдағы референдумда дауыс беру – халықтың өз таңдауы, өз шешімі. Референдум деген кез келген сайлау секілді науқан емес. Қазіргі заңға сәйкес, референдумға сайлаушылардың 50 пайыздан көбі қатысуы керек. Бұл – референдумның өтуі үшін алғышарт. Ал сол келген 50 пайыз сайлаушылардың жартысынан астамы шешім қабылдану үшін «оң» не «теріс» дауыс беруі тиіс. Осы нәрсені ұғынуымыз керек. Президент елімізде болатын саяси өзгерістерді сезіну үшін референдумға халық түгелдей атсалыссын деп отыр. Халқымыз осы референдумға қатысып, шешімдерді қолдауға қатысуы қажет. Саяси реформаларға халықты белсенді түрде үн қосуға шақырамыз, - деді Нұрбек Қарасаев.
Есенов университетінің профессор-оқытушылары студенттерге референдумның мақсат-міндеттерін түсіндіруге үлкен үлес қосып отыр. «Қазақстан тарихы» кафедрасының аға оқытушысы Азат Бекжанов саяси науқанның тарихи маңызы жоғары деп есептейді.
– Біз университетімізде үгіт-насихат тобының мүшесі ретінде студенттермен кездесулер өткізіп, референдум туралы мәліметтерді жеткізіп жатырмыз. Мамандығым тарихшы болғандықтан студенттерге бұл референдумның тарихи маңызын түсіндіремін. Біріншіден, «Жаңа Қазақстан» деп аталуы да тектен тек емес. 1991 жылы тәуелсіздік алған тұста партиямыз «Отан» деп аталды. Отанымызды құрдық, оның басы-қасында Н.Назарбаев болды, әлемге белгілі үрдіске сай партия «Нұр Отан» болып өзгерді. Одан кейінгі даму кезеңімізде кемшіліктеріміз де болды. Бұған қаңтар оқиғалары дәлел. Проблемаларды шешу үшін үлкен өзгерістер керек екені белгілі. Осылайша партия атауы да өзгеріп, «Аманат» атанды. Аманат – киелі, қасиетті, сакралды сөз. Бабалар аманаты деген бар. Тәуелсіздіктің 30 жылынан кейін жаңа белеске президент Қ. Тоқаевтың келуімен тарихтың жаңа парағы ашылғалы тұр деп есептеймін. Бұл – тарихи оқиға. «Жаңа Қазақстан» деген жалаң ұран емес, жаңа басталған саяси кезең, жастардың жаңа дәуірі деп ойлаймын. Билік пен халық арасы жақындаса, жастар өз пікірін айта білсе, үлкендер құлақ асса Қазақстан жаңа белестерге аяқ басып, әлемнің дамыған 30 елдің қатарынан орын табылар еді, - дейді Азат Бекжанов.
– «Аманат» партиясының жастар қанаты Есенов университетімен бірге референдум бойынша көптеген шараларды атқарып жатыр. Өткен аптада «Аманат» партиясының кубогіне іріктеу өткен еді. Сол кезде көзімнің жеткені, Есенов студенттерінің сауаттылығы, тек өз еліміз ғана емес, шетелдердегі референдум мазмұнымен етене таныс болуы. Сонда бір студенттің «Барлық елдерде референдум көп жағдайда биліктегі топтың билігін күшейтсе, осы жолы Қазақстанда болғалы жатқан референдум Президенттің өкілеттілігін азайтып, демократияға бірнеше қадам жасағалы жатыр» деген сөзі есімде қалды. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып білімді жастарды тәрбиелеп жатқан университет ұжымына рақмет айтқым келеді. «Аманат» партиясының жастар қанаты да референдумға белсене қатысып, өз үлестерін қосады, - деді «Аманат» партиясының жастар қанатының төрағасы Абзал Марат.
Жиын соңында ҚР Сенатының депутаты Серікбай Трұмов маңғыстаулықтарды ел дамуының жаңа белесі – референдумға белсене қатысып, өз таңдауларын жасауға үндеді.
Жайық НАҒЫМАШ