Бір аптаға созылған жарысқа әр өңірден келген 67 ер, 26 әйел шахматшы қатысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚКО сілтеме жасап.
«Дебют» шахмат мектебінің директоры Анвар Шайхымовтың айтуынша, қатысушылар 9 кезең бойынша бақ сынады. Әр кезеңде ойыншыларға ойлану үшін 90 минут берілді және әр жүрістен кейін тағы 30 секунд қосылды. Осылайша әр ойын 4 сағатқа созылды.
ҚР чемпионатының жартылай финал қорытындысы бойынша ерлер арасында Шымкент қаласының шахматшысы, ФИДЕ шебері Әбілқайыр Әбілмансұр 1-орын алса, 2-орынды шахматтан Халықаралық спорт шебері, павлодарлық Константин Казаков иеленді. Ал қола жүлдені Ақтөбеден келген шахматтан Халықаралық спорт шебері Арыстанбек Ұразаев еншіледі.
Маңғыстау облысынан қатысқан 12 жастағы Эдгар Мамедов 7 және 11-орын аралығындағы ерекше нәтижені көрсетті.
Әйелдер арасында 1-орынды Шымкент қаласының шахматшысы Зейнеп Сұлтанбек, 2-орынды алматылық Елназ Қалиахмет алды. Жүлделі 3-орын қарағандылық Папандопуло Кристинаға бұйырды.
Жүлделі орын иеленген алты шахматшы қазан айында Ақтауда өтетін суперфиналға жолдама ұтып алды.
- Маңғыстау облысы шахматтан ел біріншілігінің жартылай финалын үшінші рет қабылдап жатыр. ҚР чемпионатының финалын өткізу құқығы да бізге бұйырып отыр. Финалда бәсекелестік жоғары деңгейде болады. Себебі еліміздің ең мықты деген шахмат шеберлері келеді, - деді Анвар Шайхымов.