©
Қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов бастаған комиссия Ақтауда орналасқан әскери бөлімдерді аралады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Қорғаныс министрімен бірге гарнизонның бірқатар әскери бөлімінде болды. Министр ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың армияның жауынгерлік қабілетін түбегейлі арттыру жөніндегі тапсырмасының орындалуын тексерді. Сондай-ақ әскери инфрақұрылым объектілерін салу, пайдалану және жөндеудің жекелеген аспектілерін талқылады.
Қорғаныс ведомствосының басшысы гарнизонда орналасқан арнайы мақсаттағы бөлімшелерге ерекше назар аударды. Комиссия жауынгерлік даярлықтың оқу-материалдық базасын, керек-жарақпен, арнайы құралдармен және әскери техникамен қамтамасыз етілуін тексерді.
Министр авиациялық базада әуе техникасының жай-күйімен және жауынгерлік кезекшіліктің ұйымдастырылуымен танысты.
Генерал-полковник Руслан Жақсылықов мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің тұрмыс-тіршілігін тексеріп, асхана мен сарбаз казармаларын қарап шықты. Әскери-теңіз базасын аралау барысында қорғаныс ведомствосының басшысы бөлімнің орындайтын оқу-жауынгерлік міндеттер мен проблемалық мәселелер туралы командирдің баяндамасын тыңдады, матростармен қызмет өткеру шарттары туралы әңгімелесті.
Қорғаныс министрлігінің комиссиясы гарнизонның әскери объектілерінің диверсияға және өртке қарсы қауіпсіздігі мәселелеріне, сондай-ақ "Қауіпсіз ел" ұлттық жобасы шеңберінде іске асырылатын оқ-дәрілерді сақтауды қамтамасыз ету шараларына ерекше назар аударды.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Қорғаныс министрі лауазымды тұлғаларға Мемлекет басшысының тапсырмаларын одан әрі іске асыру бойынша бірқатар тапсырмалар берді.