ҚР Парламенті Сенатының депутаты Серікбай Трұмов Маңғыстау өңіріне сапары барысында Ақтау қаласындағы «Престиж» жиһаз салонында кәсіпорыны ұжымымен және тұрғындармен кездесу өткізді. С.Трұмов 5 маусым күні Ата заңға өзгеріс енгізуге қатысты республикалық референдум өткізудің саяси мән-маңызы жөнінде ой сабақтап, билік деңгейінде шешім қабылдау үдерісіне халықтың белсенді қатысуы әрі ықпал етуі қоғам дамуы мен өткір әлеуметтік мәселелерді оң шешім табуына соны серпін береріне сенетіндігін жеткізді.
«Ата заңымыз 9 бөлім, 99 баптан құралады десек, жалпыхалықтық рефрендум нәтижесінде 33 баптың 56 тармағына өзгерістер енгізіледі. Бұл өзгерістер халық пен биліктің ортақ келісімі негізінде орын алады. Сондықтан бұл жолғы саяси науқанының астары кең, бағыты ауқымды. Билік бұтақтарының құрылымдары бірқатар өзгерістерге ұшырайды. Соның ішінде президенттің өкілеттігіне байланысты суперпрезиденттік басқару формасынан мықты, ықпалды парламенті бар президенттік басқаруға көшу заң жобасы қабылданбақшы. Ендігі ретте мәжіліс немесе жергілікті мәслихат құрамын қайта сайлаған тұста халықтың таңдауы, дауысы ескеріледі. Мемлекет басшысы өзінің президенттік міндеттерін атқаратын мерзімге саяси партиядағы мүшелігін тоқтатады. Мұндай реформалар еліміздегі саяси құрылымның жандануына, саяси партиялар арасындағы бәсекелестіктің артуына, олардың барлық қырынан дамуына ықпал етеді. Президенттің жақын туыстарына саяси лауазым иеленуіне, соның ішінде мемлекеттік қызметші және квазимемлекеттік секторда жетекші лауазымдарды иеленуге заң жүзінде тыйым салынды. Сонымен қатар Президенттің аудан, қала, ауылдық округ әкімдерін лауазымынан алып тастау құқығы жойылады. Ендігі кезекте Мәжіліс депутаттарына басымдық беріліп, өкілеттігі кеңейтілмекші. Барлық заң Мәжіліс қабырғасында қабылданады. Халық өзі сайлаған депутат арқылы өзекті мәселелерге билік назарын аударта алады. Аралас сайлау жүйесіне көшу партиясыз үміткерлердің саяси өмірге белсене атсалысуына, барлық азаматтардың құқықтарын толығымен ескеруге мүмкіндік береді. Бұның барлығы елдік мәселелерді ашық түрде талқылау әрі халық ой-пікірін ескере отыра ортақ шешім қабылдауға жол ашатын реформалар. Жалпыхалықтық рефререндумға баршамыз атсалысу арқылы өзіміздің ғана емес, келер ұрпақтың болашағын айқындауға қадам жасаймыз»,-деді С.Трұмов.
Сондай-ақ басқосуда С.Трұмов тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. ҚР Президенті жанындаығы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Уайс Ерсайынұлы ел тарихындағы елеулі оқиғаға бейжай қарамай, Жаңа Қазақстанды құрудың алғашқы қадамын референдумнан бастауға үндеді. Баршаға ортақ мемлекеттік маңызға ие мәселелерді халық болып шешу арқылы еліміздің орнықты дамуына, саяси жаңғырулардың жеделдете орын алуына септесудің маңызын баяндады.
Голрох Жеменей