Бүгін «Төртінші онжылдықтағы тәуелсіз Қазақстан» атты облыстық жастар форумы өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Жастар форумына Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Нұртас Сали, облыстық мәслихат депутаты Аят Сүгірбай және «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Наурызбек Мағдатов арнайы қатысты. Олар жастарды білім мен ғылымды меңгеруге, жаңа мамандықтарды игеруге және ел дамуына атсалысуға шақырды. Сонымен қатар университет ішінде өзін-өзі басқару бойынша атқарылып жатқан жұмыстар айтылды.
««Yessenov» университетінде «Union» студенттер өзін-өзі басқару ұйымы жұмыс істейді. Ұйымның президенті – туризм мамандығының 2-курс студенті Диас Қайратұлы. Жалпы бұл ұйым студенттердің өзін-өзі басқарумен ғана шектелмейді. Оған қоса әртүрлі қабілеттеріне байланысты 10 студенттік клуб бар. Онда шығармашық қабілеттерін шыңдап, өнерге, спортқа бейімделіп, өзін дамытуға мүмкіндік бар. Сонымен қатар әлеуметтік тұрғыдан да жастарға көмек көрсетіледі», - дейді «Yessenov» университеті Әлеуметтік қолдау көрсету және жастар дамыту басқармасының басшысы Міржақып Бағдатұлы.
Ал форумда жастар тарапынан жұмыспен қамту, тұрғын-үй мәселесі, өңір жастары белсенділігінің бәсеңдігі және жоғары оқу орны студенттері мен жастар орталығының байланысы жайында сұрақтар қойылды. Сондай-ақ көптің көкейінде жүрген «Заманауи үлгіде жастар орталығының ғимараты қашан салынады?» деген сауал да жолданды.
Бұл сұраққа Маңғыстау ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Нұртас Сали жауап берді. Оның айтуынша, қазіргі таңда 6 шағынауданда орналасқан «Арман» жастар орталығы бар. Оған күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуі керек. Негізі ғимарат қала әкімдігіне қарайды. Сондықтан жаңа құрылыстың бой көтеруі немесе жөндеуден өтуі де Ақтау қаласы әкімдігінің шешіміне байланысты болмақ.
Ал «Облыс жастарының белсенділігі көңіл қуантпауына не себеп?» деген сауалдың жауабын «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Наурызбек Мағдатов айтты. Оның айтуынша, жастар белсенділігін көтеруде түрлі жобалар жасалған. Алайда пандемия салдарынан жоспар өз дейінде орындалмаған. Десе де алдағы уақытта жастарды қолдау, белсенділігін арттыру мақсатында жұмыстар атқарылатынын тілге тиек етті.
Сонымен қатар жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Мұқаш Оралбай жоғары оқу орны студенттері мен жастар орталығының байланысы туралы сөз қозғады. Әрі қарай ол студенттерді қарым-қатынасты нығайту және жаңа дағды қалыптастыру жолында бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН