Маңғыстаулық Жазира Жолдасбаева Нұр-Сұлтан қаласында жамбы атудан ересектер арасында өткен ҚР чемпионатында қазақ стилі бойынша күміс жүлде иеленді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Жазираның бапкері Сәнім Мурадованың айтуынша 25 ер спортшының арасында жалғыз қыз өнер көрсеткен. Жамбы ату жарысы корей, түрік, қазақ стильдерінде өткен.
Дәстүрлі шара елорданың оңтүстік-батыс шетінде орналасқан «Қазанат» атшабарында жамбы ату мен теңге ілуден ҚР Чемпионаты және ат жарысының жазғы маусымының ашылуымен басталды.
Ұлттық спорт түрлерінен өткен жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен барған 150-ден аса спортшы мен 60-қа жуық жылқы қатысып жатыр.
- Маңғыстау облысынан әр категория бойынша 2 спортшыдан қатысуда. Ересектер арасында Жазира Жолдасбаева мен Ербол Бердалы қатысты. Жазира күміс жүлде алса, Ерболдың ұпайы жүлделі орынға сәл жетпеді. Жазира жамбы ату ұлттық спорт түрімен 2 жылдай уақыт көлемінде айналысып келеді. Азғантай уақыт болса да жоғары нәтиже көрсетіп жүр. Қазіргі таңда Жазира Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің студенті, деді МО жамбы атудан аға жаттықтырушысы Сәнім Мурадова.
Енді 9 маусымда өтетін жастар арасындағы додада өңір намысын Дарья Хузахметова мен Нұрлан Жолдасбаев қорғайды. Ал 14 маусым күні Досымжан Сүйеубаев мен Ясин Сейлханов жасөспірімдер арасында өнер көрсетеді.
Айта кетейік, жамбы ату мен теңге ілуден ересектер, жастар және жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Чемпионаты 19 маусымға дейін жалғасады.
Дүбірлі доданың ашылу салтанатына ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев қатысты.
-2022 жылғы жазғы спорттық маусымның ашылуына арналған ат спорт жарыстары өз бастауын алды. Тәуелсіздік жылдары біздің елімізде, халқымыздың ежелгі дәстүрлерімен бірге ұлттық спорт түрлері де жаңғыра бастады. Оларға қазіргі таңда ерекше назар аударылуда. Спорт түрлері ішінде ұлттық спорт басымдыққа ие. Олар – қазақ халқының рухы. Спортшыларға жоғары нәтижеге қол жеткізуін тілеймін, - ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев.