Театр... Сөзсіз-ақ театр әлемі қиялыңмен ұштасып өзгеше әлемге сағымдай саяхаттатып, бөлек бір күйге бөлейтініне шіркін-ай дерсіз. «Театр – бұл кітаптан көтеріліп, адам болып қалыптасатын поэзия. Орындалғаннан кейін ол сөйлейді және айқайлайды, жылайды және үмітін үзеді. Театр сахнасына шыққан кейіпкерлер поэзиялық костюм киіп, сонымен бірге сүйектерін, қанын, жанын көрсетуі керек...», – деген екен испандық ақын, драматург Гарсия Лорка. Осы орайда жуырда Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театрында керемет жаңа премьераның куәсі болып келдік.
Испанның көрнекті ақыны, драматург Гарсия Лорканың драмалық пьесасында жесір қалған Бернарда Альбаның үйі – шытырман оқиғаларға толы, төрт қабырғаға қамалған әйелдердің оқиғасы баяндалады. Қойылымда махаббат, өшпенділік, реніш, құмарлық пен қызғаныш ұғымдары қамтылған.
Жесір әйел Бернарданың отбасындағы туған қыздарының тағдырлы өмірлері суреттеледі. Кіші қызының бір сұлу жігітке өлердей ессіз ғашық болуы, алайда апасының екеуінің махаббаттарына араласуы барысында өшпенділік, құмарлық пен қызғанышының кесірінен жігіттің кенеттен қайтыс болу сәті қойылымның тұздылығын аша түседі. Төрт қабырғалы қуыс үйден анасының қатал тәртібімен сыртқа шығармастан қамаулы күйдегі бір топ әйелдердің өмірі баяндалады. Бұл қойылымнан махаббатқа деген адалдықты, темірдей қатал тәрбиені, жесір ананың қадір-қасиетін көре аласыз.
Қойылымның қоюшы режиссері – Ресей Федерациясы Саха Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Золотая маска» сыйлығының иегері Сергей Потапов.
– Қасиетті өңір Маңғыстау жеріне келу сапарыма өте қуаныштымын. Бұл өңірдегі көрнекті рухани ордалардың бірі Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театрында тұсауы кесіліп жатқан пьесамды облыс жұртшылығы жақсы қабылдап, жақсы тілектерді жеткізулері көңілімді жадыратып отыр. Барлық көрермендерге, театр басшысы Гүлсина Мерғалиева ханымға алғысымды білдіремін, – дейді қазақ топырағына келген мейман, қоюшы режиссер Сергей Потапов.
Режиссердің айтуынша, бұрында да Қазақстанда спектакльдері қойылып келеді екен. Ұзақтығы 1 сағат 30 минутты қамтитын аталмыш қойылым – Маңғыстау өңіріндегі алғашқы туындысы.
Қойылымның қоюшы әрі костюм суретшісі Мадина Қосмағанбетова болса, хореографі Қуанышбек Төлеген, ал режиссерлік ассистенті, «Мәдениет саласының үздігі» – Эльмира Керімбаева.
– Мағынасы зор қойылымда Бернарда рөлін бас сомдаушы театр әртісі Әлия Бисенбаева потенциалы жоғары, келбетті, сымбатты, бет-әлпеті айқын, өз ісіне ұқыпты әрі жауапты қарайтын актриса. Ол сахна тілінің ерекшелігін түсінетін әртістеріміздің бірегейі. Әлияның кейіпкерлері сахнада шынайы таза. Әр жанрды, бейнелерді толыққанды етіп суреттейді. Рөлдің жанрын еркін игеріп алуға тырысып, пластикамен, тринажбен, сахна тілімен жаттығып, өзіне үлкен сынмен қарайды, – дейді Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театрының басшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлсина Мерғалиева.
Нұр-Сұлтан қаласынан жаңа қойылымның ашылу рәсіміне арнайы келген меймандарымыздан да бір ауыз пікірлерін білген едік.
– Бүгін тамаша спектакльдің көрермені болып отырмыз. Бұл талантты режиссер Сергей Потаповтың Қазақстандағы қойып жатырған 6-шы қойылымы. Кезінде Сергей Потаповтың барлық қойылымдарына арнайы қатысып, жоғары баға берген едік. Бүгінде сол әріптес досымыздың Маңғыстау топырағындағы шытырман оқиғаларға толы жаңа спектаклінің ашылу рәсіміне арнайы тамашалауға қатысып отырмыз. Спектакльдегі рөлдерді сомдаушы жергілікті әртістердің өсу деңгейінің белгілі қадамдарға нықтап барғандығын көреміз. Жаңа аура сезіледі. Жаңа спектакль заман талабына сай суреттелген екен, – дейді Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келген М.Горкий атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының директоры Айболат Жаудыр.
– Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театрының репертуарына интелектуалдық тұрғыдағы философиялық тағылыммен үйлескен жақсы қойылым келді деп есептейміз. Режиссері – Саха Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, талантты режиссер Сергей Потапов әріптесіміз.
«Бернарда Альбаның үйі» атты қойылымды маңғыстаулық актрисаларымыз актерлік әлеуеттері мен шығармашылық ізденістері арқасында көрермендерін керемет тәнті етті деп айта аламыз. Менің пайымдауымша, бұл спектакль ерекше ұзақ болуы тиіс деп есептеймін. Себебі бұл – актуалды туынды. Өз көрермендерінің жүрегіне жол табатынына сенімім мол. Ең бастысы жаңа қойылым көрерменді бір эстетикалық таным, тағылым әлеміне жетелейді, – дейді М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров.
Ұзақтығы сағат жарым уақытты қамтыған жаңа қойылымды тамашалаған көрерменнің қол шапалақтау қошеметімен мәресіне жетті.
Кенжебек Сержан