«Бекен» жас көшбасшылар достастығы Маңғыстау жастарының қажеттілігін анықтау мақсатында әлеуметтік зерттеу жүргізді. Сауалнаманың ашық та айқын болу үшін, жастар арасындағы танымал инфлюенсерлер әлеуметтік зерттеуге атсалысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Әлеуметтік зерттеуге облыс бойынша 398 жас қатысқан, оның 55%-ы – әйел (219 адам), 45,5%-ы (181 адам) – ер адам.
Анонимді түрде жүргізілген сауалнамада жастардың дамуына, дүниетанымына, олардың құндылықтарына, мәселелері мен өңірдегі жастар саясатының даму динамикасына қатысты сұрақтар қойылды. Сауалнама нәтижесіне сүйенсек, өңір жастары басты құндылықты – отбасы мен достық, ең өзекті мәселені – жұмыссыздық, ең зиян әдетті – 6 сағаттан аз ұйықтау, ал өңірдегі ең тиімді әлеуметтік лифт – сапалы білім деп есептейді.
Сауалнамаға қатысқан жастардың 83,4%-ы отбасы мен достықты ең маңызды құндылық деп санады, 60,1%-ы отбасыдағы жарастықты және бала тәрбиелеуді өмірдің басты мақсаты деп атаған. Сонымен қатар, жастар қазіргі уақытта бос уақытын ұйымдастыруда және жеке өмірінде қиындықтар бар екенін де көрсеткен.
Жастардың 59%-ы өңір жастары арасындағы ең өзекті мәселе жұмыссыздық деп есептейді. 39,4%-ы кейбір қиындыққа қарамастан, жастардың өзін-өзі дамытуына мүмкіндік бар деп жауап берген.
Жалақының төмендігі, жалпы өмір сүру деңгейі аймақ жастарының өзге қалаға көшуіне себеп болуы мүмкін. Жастардың 41,5%-ы кәсіпкерлердің кеңесін тыңдауға дайын, 45,5%-ы қоғамға жас көшбасшылар қажет деп есептейді.
34,9%-ы қоғамдық жұмыстар жастардың өзін-өзі көрсетуіне әсер етеді десе, өңірдегі белсенді жастардың 10,5%-ы ғана шетелдік іс-шараларға қатысқан.
Сауалнамаға қатысқан жастардың 40,5%-ы жастар ресурстық орталығының қызметімен таныс емес және 38,7%-ы жастар орталықтары рухани іс-шараларға басымдық беруі қажет деп есептейді.
Жастардың 38,4%-ы ерікті жастар ұйымдарының шарасына қатысқан, 64,9%-ы жастар ұйымдары білім беру бағытындағы жобаларды жүзеге асыруға басымдық беру керек деп ойлайды.
Жалпы, жастардың 64,6%-ы болашаққа зор сеніммен қарайды.