20 маусым күні Маңғыстау облысы әкімдігінде азаматтарды әскерге шақыру, жастарға патриоттық тәрбие беру мәселелерін талқылаған жиын өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Кеңеске қоғамдық ұйымдардың, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың өкілдері, ардагерлер қатысты.
Облыстық «Таулы Қарабахтағы ұлтаралық қақтығыстарды реттеудегі әскери қимылдардың ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әбдірашит Нияз өз сөзінде жастардың патриоттық сезімін мектеп жасынан бастап дамыту қажет екенін атап өтті.
- Патриоттық тәрбиеде мектеп пен отбасы үлкен рөл атқарады. Менің замандастарым, бізден кейінгі ізімізден ерген інілерім әскерде қызмет етіп, Отан алдындағы борышын адал атқарды. Осының барлығы - бізге бала кезімізден берілген тәрбиенің жемісі. Сондықтан әскери қызмет, Отанды қорғау - әрбір азаматтың қасиетті міндеті, - деді Әбдірашит Мұқырұлы.
«Қарулы Күштердің ардагерлері» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы, құрметті ардагер Нұрлыбай Қонақбаев жастардың өз еркімен әскер қатарына баруға деген ынтасын арттыру мақсатында бірқатар жүйелі ұсыныстарын ортаға салды.
Сондай-ақ, қоғамдық ұйымдардың өкілдері "Алғашқы әскери дайындық" кабинеттерінің материалдық-техникалық базасын жақсарту және оқу орындарында балаларды әскери-патриоттық тәрбиелеуді ұйымдастыру бойынша жұмыстарды күшейту туралы ұсыныс айтты.
Кеңес қорытындысы бойынша өңір басшысы әскердегі сарбаздардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың ата-аналарына тұрақты түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін атап өтті.