Жаңаөзен қаласында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қалалық филиалы жанынан Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы(КҚКО) ашылды. Енді жергілікті кәсіпкерлер тегін кеңес ала алады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық ҚКО-ға сілтеме жасап
Орталықтың іске қосылуына Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев тікелей қолдау білдірді. Ресми ашылу салтанатына шаһардың кәсіпкерлері, кеңес мүшелері, жергілікті әкімдік өкілдері қатысты.
Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, орталықта 3 қызмет түрі көрсетіледі. Олар - заң қызметі, менеджер маркетолог және несие бойынша құжаттарды сүйемелдеу қызметі.
- Мен өзіме қажетті заңгер кеңесінің қызметін алып шықтым. «Өзенмұнайгаз» компаниясымен келісімшарт жасасқан едім. Бірақ карантинге байланысты тапсырысты толық орындай алмай қалдым. Сол себепті КҚКО-нан орындау мерзімін создыруға көмек сұрадым. Жауап алдым, енді бірлесіп әрекет ететін боламыз. Біздің қаламыздан осындай орталықтың ашылғанына қуаныштымыз. Бұрын мәселе болса жекеменшік заңгерлерге жүгінетін едік, - деді кәсіпкер Қуандық Есболғанов.
Ашылу рәсімі кезінде мұнайлы қаланың 30 кәсіпкеріне тегін кеңес берілді.
- Орталықта кәсіпкерлер үшін барлық қызмет тегін беріледі. Алдағы уақытта семинар ұйымдастырылып, бизнес өкілдеріне электронды сатып алу мен салық есебін тапсыру жолдары үйретіледі. Орталықтың жұмысы үшін жергілікті атқарушы органдардан 8 млн 730 мың теңге бөлінді. Қаражат аудару жалпы конкурс негізінде электронды сатып алулар арқылы жүрді, - деді «Маңғыстау КҚКО» ЖШС басшысы Аманат Махмутов.
Алдағы уақытта жаңаөзендік кәсіпкерлер үшін ауыл шаруашылығы саласына тағы 4 млн теңге қарастырылмақ. Ал, Ақтау қаласы кәсіпкерлері үшін биыл 13 млн бөлінеді.