Облыста 103 карьердің жұмысы 2020 жылдан бері жүрмей тұр. Оның басты себебі - жұмысшылардың жетіспеушілігі. Бұл туралы аппарат жиынында «Батысқазжерқойнауы» өңіраралық департаментінің Маңғыстау өңірлік инспекциясының басшысы Алмагүл Келбет айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Оның айтуынша, жергілікті тұрғындардың карьерлерде жұмыс жасауға қызығушылық танытпауының бірден-бір себебі - әлеуметтік пакеттердің қарастырылмағандығы, кенорын басында тұрмыстық жағдайдың жоқтығы, мұнайшылармен салыстырғанда жалақының төмендігі.
– Карьерлерді игеру оңай шаруа емес, бірақ онда шетелдік жұмыс күшін пайдаланбай, жергілікті тұрғындарды тарту керек. Мигранттар көбінесе бейресми жұмыс істейтіндіктен, олардың құқығы қорғалмайды. Ал тиісті органдардың міндеті – заңсыз еңбек күшін пайдалану фактілерінің алдын алу, - деді облыс әкімі Н.Ноғаев.