Бүгін жағалауда өткен сенбілікте 50 тоннаға жуық құрғақ қамыс шабылды. Қураған қамыс биогумус пен жабын жасауға пайдаланылады. Ал тұрмыстық қалдықтар полигонға жіберіледі. Бұл туралы "БАРЬЕР ПЛЮС" ЖШС компаниясы өкілі айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Биогумус органикалық қалдықтардан, яғни, бүлінген жемістер, көкөністер, қабықтар, жапырақтар, шөп кесінділері, қураған ағаш және ағаш жеміс қораптарынан (осының бәрі ұсақтағышта алдын ала ұсақталады) жасалады. Сонымен қатар, үгінділер жабын (мульча) үшін пайдаланылады - ол ылғалды сақтау үшін өсімдіктер мен ағаштарды жабуға қолданылады.
«Қураған ағаш қалдықтарына калифорниялық қызыл құрттарын қосып, бағбандар пайдаланатындай жабын жасаймыз. Қалған қалдықты базардағы шіріген көкөніс, жеміс-жидекпен бірге үйінді жасауға қолданамыз. Бұл үйіндіні үгіндімен араластырамыз, бұл өз кезегінде топырақтың құнарын сақтауға көмектеседі», - дейді "EcoWasteAqtau" ЖШС басшысы Салтанат Бралина.
Былтыр мұнда 300 мыңнан астам калифорниялық құрт жайылған екі үйінді бар, биыл тағы 7-8 үйіндіге жайылды. Сондай-ақ, былтыр 15-20 тонна биогумус өндірілді, ал биыл одан да көп өнім алуды жоспарлап отыр.