Бұл туралы Маңғыстау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық ҚКО-ға сілтеме жасап.
Аталған ақпарат облыс әкімдігінің телеграм каналына жарияланды. Желі қолданушысы Ақшұқырдан қалаға қатынайтын автобусты жолаушылар 1,5 сағат күтіп, соның салдарынан адамдардың таңертең жұмысына кешігетінін айтып шағымданған.
Тұрғынның сауалына жауап берген Маңғыстау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілдері бұл мәселе назарда екендігін айтты. Басқарма өкілдерінің мәлімдеуінше, қазіргі уақытта «Ақтау – Ақшұқыр – Ақтау» автобусы жолаушылар көп болатын таңғы және кешкі уақытта - 30 минут сайын, ал күндізгі уақытта - 1 сағат сайын жүреді екен. Бірақ тұрғындардан келген өтінішті ескере отырып, биыл қыркүйек айынан бастап бұл қоғамдық көліктердің жүру интервалын бірыңғай 30 минуттан қылу мәселесі қарастырылып жатқанын айтты.
- Облыс әкімдігінің телеграм каналына тұрғыннан Ақтау-Ақшұқыр аралығында қатынайтын тұрақты автобус маршрутының қозғалыс интервалының ұзақтығына қатысты сауал келіп түскен болатын. Аталған мәселенің шешілу барысы туралы Маңғыстау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы өкілдері дер кезінде жауап берді. Жауаптылардың айтуынша, ағымдағы жылдың қыркүйек айынан, яғни жаңа оқу жылынан бастап бұл маршрут автобустарының жүру интервалын бірыңғай 30 минуттан қылу мәселесі қарастырылуда. Жалпы бүгінгі таңда телеграм каналға барлығы –7 766 сұрақ келіп түсті. Оның ішінде 7 726 сұраққа жауап берілді. Телеграмм каналға 10 117 адам тіркелген, - деп айта кетті МО ӘА «Қоғамдық коммуникация орталығы» КММ мониторинг бөлімінің маманы Ақмарал Култумаева.