Н. Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының актері Абзал Ратбек «Үздік актер» және «Найзағай» қойылымының режиссері Дина Жұмабаева «Үздік режиссер» номинациясымен марапатталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Жақында Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының ұйымдастыруымен, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған Әшірбек Сығай атындағы «Сын – шын болсын...» атты республикалық фестивалі өтті. Аталған фестивальге Маңғыстау театры Александр Островскийдің «Найзағай» спектаклімен қатысты.
Станиславский театрында сахналанған қойылым көптің көңілінен шықты. Абзал Ратбек Тихон ролі үшін «Үздік актер» атанса, қойылым режиссері Дина Жұмабаева «Үздік режиссер» номинациясын иеленді.
Еске сала кетейік, облыста «Найзағай» қойылымының премьерасы 12 мамыр күні сахналанды. Қойылым тапталған сезім бұрқанысы, үрей мен торығу, өмірден түңілу сынды сезімге толы. Спектакль – еркіндікті аңсап, бостандыққа ұмтылу мен қорлыққа төзе алмаушылық хақында.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА