20 қараша күні Ақтауда ҚР Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Мэлс Қосымбаевтың «Дүние тұрғанша тұр, Қазақстан!» толғау кеші өтті. Бұл шара ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кеш «Ақшағыл» этно-фольклорлық ансамблінің музыкалық қойылымымен ашылды. Ақын Мэлс Қосымбаев 5 бөлімнен тұратын толғауды тоқтаусыз 1 сағаттан аса уақыт жырлады. Шығармашылық кешке қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев ақынның тәуелсіз еліміздің мәдениетіне қосқан елеулі үлесін атап өтті.
Толғау көне түркі дәуірі, Алтын орда дәуірі, орда билеушісі Берке хан, Мысырда билік құрған Бейбарыс сұлтан, Орхон-Енисей жазбалары мен олардың тағылымы, қазақ хандығы құрылуы жолындағы сан-сапат, шым-шытырық оқиғалар мен көрнекті тұлғалар, олардың елдік жолындағы ерен еңбектері мен ерліктері, қазақ хандығының құрылуы, қайсар хандар мен қайтпас батырлар, отаршыл империя уысына түспеу жолындағы арпалыстар, одақ кезінде ел-жер тұтастығын сақтау үшін басын тәуекелге тіккен Д.Қонаев, Ж.Тәшенов сынды ұлт қайраткерлерінің кесек тұлғасы мен кемел ісі, қазақ тарихына қатысты күллі оқиғалар тұтастай өріліп келіп тәуелсіздікпен, Елбасы Н.Назарбаевтың тәуелсіздікті нығайту бағытындағы кемел бастамаларын жырлаумен жалғасын табады.