Жаңаөзен қаласына жасаған жұмыс сапарының екінші күні облыс әкімі Нұрлан Ноғаев шаһардағы бірқатар білім беру және денсаулық сақтау нысандары мен көпқабатты тұрғын үйлерде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Аймақ басшысы алдымен өңірдегі жеңіл өнеркәсіп саласында ең ірі өндіріс болып табылатын «Жанарыс» тігін цехына барып, жұмысшылармен кездесті. Фабрикада 314 адам жұмыс істейді. Онда мұнайшыларға, құрылысшыларға, коммуналдық және медицина қызметкерлеріне, жалпы жаппай қызмет көрсету аясының жұмысшыларына арнайы жұмыс киімдері тігіледі. Кәсіпорын басшысы фабриканың қуатын арттыруды көздеп отыр.
Аймақ басшысы тозығы жеткен көпқабатты үйлердің жаңғырту жұмыстарымен де танысты. Бүгінде қаланың «Шұғыла» шағын ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында қайтарымды қаражат механизмімен екі көппәтерлі үй күрделі жөндеуден өтуде. Жобаға сәйкес тұрғын үйлердің тіреу конструкциялары, баспалдақтары, жертөлелік инженерлік желілері мен шатыры толық жаңартылып, сыртқы келбеті әрленеді. Алдағы уақытта бұдан бөлек қайтарымды қаражат бойынша салынғанына жарты ғасырға жуық уақыт болған ескі 22 үй жаңғыртылады.
Сонымен қатар, Нұрлан Ноғаев Жаңаөзен қаласының өндірістік аймағында жоңышқа егетін шаруашылықтың жұмысын көрді. Ауданы 60 га болатын егін алқабында жаңбырлатып суару әдісі қолданылады. Облыс әкімі егістікке кәріз тазарту имаратынан шыққан суды тазартып, қайта пайдалану керектігін айтты.
- Біз ауыз суды өндіріп қана қоймай, кәріз жүйесінен шыққан суды қайта пайдалануымыз қажет. Мәселен, күніне 10 мың текше метр су КОС-қа кетіп жатыр. Біз оны тазартып, техникалық су ретінде пайдалануымыз керек. Сонда тұтынып отырған судың көлемі де азаяды. Бұл су тапшылығын шешуге мүмкіндік береді. Болашақта бұл тәжірибені басқа аудандарда да қолдануға болады,-деді Нұрлан Ноғаев.
Жұмыс сапары аясында өңір басшысы Жаңаөзендік ардагерлермен де кездесіп, аймақтың дамуына қатысты сұрақтарды талқылады. Ауыл ақсақалдары Нұрлан Ноғаевқа ұсыныстарын айтып, жұмысына сәттілік тіледі.