Бұл туралы брифингте Маңғыстау облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Гүлзайда Төлеуғалиева айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Оның айтуынша, шаралар Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің 30 жылдығы, мемлекеттік рәміздердің қабылданғанына 30 жыл, балалар жылына және жазушы М.Әуезовтың 125 жылдығы, ақын, әбебиет зерттеушісі А.Байтұрсыновтың 150 жылдығына орай өтеді.
- Сондай-ақ қазақтың бұлбұлы Р.Бағланованың 100 жылдығы, биші Ш.Жиенқұованың 110 жылдығы, Д.Қонаевтың 110 жылдығы, батыр Т.Бигелдиновтың 100 жылдығы, мұнайшы Рахмет Өтесіновтың 95 жылдығы, Ақселеу Сейдімбековтің 80 жылдығы, т.б. шараларға басымдық беріледі. Облыс мәдениетін жандандыру, мемлекеттік деңгейде насихаттау бағытындағы «Ұлттық рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы іс-шаралар өтеді,-деді Гүлзайда Төлеуғалиева.
Бүгінгі таңда
облыс клуб мекемелерінде әр түрлі бағытта 432 үйірме жұмыс істейді.
- Мемлекет басшысы 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялауына байланысты балалардың мектептен тыс және жазғы демалысын тиімді өткізу үшін қосымша үйірмелердің жұмыстарын жандандыру мақсатында биыл облыс клуб мекемелерінде 10 тегін шығармашылық үйірме ашу жоспарланды. Биыл 4 айда 4 үйірме ашылды. Ондағы балалар саны - 71. Жыл соңына дейін тағы да балаларға арналған 6 үйірме ашу жоспарланды,-деді Гүлзайда Төлеуғалиева.
Оған қоса мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясында 8618 бала тегін 30 түрлі шығармашылық бағыт бойынша 264 үйірмеге қатысып жүр. Тұрғындар тарапынан сұраныстың өсуінің және өнім берушілерден келіп түскен өтінімдердің ұлғаюының ескерілуімен облыс бойынша 14 613 баланы шығармашылық үйірмелермен қамту жоспарланып, бюджетке 1, 944 млрд. теңгеге қосымша бюджеттік өтінім берілген.