Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры Грузияда өткен «Театрлық Имерети-2022» халықаралық театр фестивалінде өнер көрсетті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Халықаралық фестивальде театр ұжымы көрермен назарына белгілі грузин жазушысы А.Цагарелидің «Ханума» спектаклін ұсынды. Бұл грузин драматургі А.Цагарелидің біраз театрдың көрерменін мәз-мейрам етіп, күлкіге кенелткен музыкалық комедиясының желісімен жасалған заманауи поп-арт комедия.
Спектакльдің қоюшы режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлсина Мерғалиева, қоюшы суретшісі Тимур Коесов, костюм суретшісі Тимур Коесов және «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Гюль Зиятова, хореографы Әйгерім Махуова, әуендерінің аранжировкасын жасаған Қайрат Ақтаев, Асхат Ұбайдуллаев.
- Оқиға желісі бойынша Тифлистің бай көпесі ақсүйектермен құдаласып, мәртебесін асыруды армандайды. Сол үшін қызы Сонаны кәрі әрі кедейленіп қалған болса да князге беруге әзір. Сона болса княздің жас және ақын бауырын сүйеді. Кәрі князды жас сұлуға үйлендіру қамына кіріскен қос жеңгетай Ханума мен Кабатоның бас құдалыққа таласқан қызықтары, кейіпкерлер арасындағы қым-қиғаш қатынастар грузиннің әуезді де ойнақы ән-билерімен өріліп, оқиға желісі ширатыла түседі. Ақыр аяғында әркім өзіне тиесіліні алады, - дейді спектаклдің желісін түсіндерген театр актерлары.
Имерети өңірінің губернаторы Звиад Шаламберидзе және фестивальдің негізін қалаушы, көркемдік жетекшісі Леван Рохвадзе театр ұжымын «Театр фестиваліне қатысқаны үшін», «Үздік актерлік ансамбль» және «Грузин драматургиясының үздік сахналық интерпретациясы» дипломдарымен марапаттап, мәртебелі сыйлықтарды салтанатты түрде табыстады.
«Ханума» поп-арт комедиясын сахналаған маңғыстаулық театр ұжымы фестиваль көрерменінің ерекше қошеметіне бөленді. Қойылымнан кейін грузин елінің театр қайраткерлері алған әсерлерімен бөлісіп, ықыластарын жеткізіп жатты. Спектакльді тамашалаған Имерети өңірінің губернаторы Звиад Шаламберидзе зор алғысын білдіріп, Қазақстанға сәлемін жолдады.
Грузияның Кутаиси қаласындағы Ладо Месхишвили атындағы мемлекеттік драма театрында өтіп жатқан халықаралық фестиваль 13 маусым күні басталған болатын. Мәдени шара 30 маусымға дейін жалғасады.