Жақында Ташкентте өткен халықаралық “Мелодия лета” байқауында маңғыстаулық домбырашы Мадияр Аязбаев бас жүлде алды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Байқау 9-10 маусым күндері “Бақытты елдің ұрпағы” қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өтті. Әр елден жиналған домбырашылар бақ сынады. Жас өнерпаздарға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Беларусь Республикасынан келген әділқазылар төрелік етті.
Мадияр Аязбаев М. Әуезов атындағы №20 қазақ орта мектебінде 8-сынып оқиды. Жастайынан өнерге жақын болған. Абыл Тарақұлы атындағы балалар өнер мектебінде домбыра үйреніп, көптеген байқауда топ жарып жүр.
Ұстазы Күләш Исмұханбетованың айтуынша, Мадияр 2017 жылы өнер мектебіне 1-сыныпқа келді. Биыл 2021-2022 оқу жылында бес жылдық оқуды бітіріп, қолына куәлігін алды.
"Мадиярдың мінезі жайлы, ісіне тиянақты. Тоқсан сайын емтиханды уақытылы тапсырып, үнемі жоғары көрсеткіш көрсететін оқушымның бірі. Өнер мектебінде өтетін концерттерге, байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Ең алғаш рет "Сазды әуен, сырлы саз" байқауына қатыстық, кейін 2019 жылы халықаралық "Таңшолпан" байқауына қатысып, 1-орын алдық. Мұнан өзге де жүлделер мен марапатты иеленді", - дейді ұстазы Күләш Исмұханбетова.
Айта кетейік, байқауға Абыл Тарақұлы атындағы балалар өнер мектебінен Әли Ибрахим қатысты. Ол байқау нәтижесі бойынша "Дипломант" атанды.